Бала асырап алудың жолдары қандай?
Бала асырап алудың жолдары қандай?
3 жыл бұрын 2334 Гүлжан Раманқұлова

БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев «БҒМ LIVE» айдарының тікелей эфирінде бала асырап алуға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді. Бұл жайында baq.kz ақпарат көзі мәлім етеді. 

Жекебаев ең алдымен республикадағы балаларды отбасылық тәрбиелеуге алу жолдарын түсіндіріп берді.

Республикадағы балаларды отбасына тәрбиелеуге алу «Неке және отбасы» кодексінде толығымен жазылған, - деді комитет өкілі.

Ол бала асырап алу үшін қандай құжаттар мен талаптар бар екеніне тоқтала кетті.

Республиканың әр аудан, қалаларында қорғаншылық және қамқоршылық органдары бар. Бірінші кезекте азамат осы органдарға барып, баланы отбасына тәрбиелеуге алуға дайын екенін білдіріп, сол жерден консультациялық кеңестер алады. Кодекске сәйкес балаларды отбасына тәрбиелеуге алғысы келген адамдар психологиялық даярлық курсын өтуі керек. Бұл оңай курс емес. 42 академиялық сағаттан тұратын оқу. Яғни, бұл оқу болашақ ата-ананы педагогикалық-психологиялық жағынан дайындайды, - деп түсіндіріп өтті Дулат Жекебаев.

Кодекске 2020 жылы осындай өзгерістер енгізілген. Яғни, әр болашақ ата-ана даярлық курсынан өтіп, сертификатын тапсыруға міндетті. Осы сертификатпен қоса тағы бірнеше құжатты Білім және ғылым министрлігінің №470 бұйрығына сәйкес жергілікті және аудан, қала білім бөлімдерінде орналасқан қорғаншылық және қамқоршылық органдарына тапсырады.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев қандай құжаттар талап етілетіні туралы айтты.

1. Жақын туыстарының баланы асырап алуға жазбаша келісімі;

2. Жиынтық табыстың мөлшері туралы анықтама;

3. Денсаулық жағдайы туралы анықтама. Яғни, болашақ ата-ана психоневрологиялық немесе алкогольге тәуелділік сияқты есепте тұрмауы керек;

4. Тұрғын үй меншігі туралы немесе үй-жайды пайдалану құқығын растайтын құжат.

Осы құжаттарды тапсырғаннан кейін болашақ ата-анада балаларды көруге мүмкіндік алады. Кейін ойынан шыққан баланы асырап алуға шешім қабылдаған соң, оларда екі апталық байланыс болады. Осы екі апта аралығында жергілікті психологтар ата-ана мен баланың арасындағы байланысқа қорытындыларын шығарады, - деп атап өтті ол тікелей эфирде.

Жекебаев атап өткендей, баланы отбасыға алудың бірнеше түрі бар: баланы асырап алу, баланы қамқорлық және қорғаншылыққа алу, патронаттық тәрбиеге алу және баланы уақытша отбасылық тәрбиеге алу.

Сонымен бірге, баланы отбасыға алудың түріне байланысты мемлекет тарапынан жәрдемақылар беріледі.

Оның сөзінше, жалғызбасты аналар да бала асырап алуға мүмкіндігі бар.

Бүгінгі таңда республикалық деректер базасында 4 254 бала бар. Сондай-ақ, болашақта ата-ана атанып, асырап аламын деуші үміткерлердің саны да 4 600-ден асады. Оның шамамен 3 мыңы даярлық мектептерінен өтті және 2 мыңдай ата-ана бүгінгі күні оқудан өтіп жатыр, - деп атап өтті БҒМ өкілі.

Дулат Жекебаев болашақта ата-ана атанғысы келетіндердің саны күннен-күнге артып келе жатқанын айтты. Еске салайық, ҚР заңдарына сәйкес мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік бірінші кезекте ел азаматтарына берілген.

ҚАЗАҚСТАНДА 500 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ БАЛА САТЫЛҒАН

Қазақстандық БАҚ нәрсете сатудан бизнес жасап жүргендердің көбейгені туралы жазып, дабыл қақты. Тұрмыстың тауқыметін тартқан нәзік жандылар сәби саудасын кәсіпке айналдырып жүргені рас па? Бұл жайында arasha.kz ақпарат көзі мәлім етеді. 

Балалар үйінде жетімдер азайды. Әлбетте, бұл қуанарлық жайт. 10 жылда балалар үйінің тәрбиеленушілері 70 пайызға азайған. Бұрын 14 мыңнан асатын, қазір бес мыңға жуықтады. Бұл туралы «Еуразия» арнасы хабарлады.

Қызылордалық келіншек балалар үйінен бала бағып алу өті қиын екенін айтады. Оның сөзінше, елімізде балаларды перзентхана қызметкерлерінің өзі ақшаға сатып жіберетін көрінеді. Өзі де баласын дәл осылай асырап алған.

«Біздің балалар үйінде құндақтағы бала жоқ. Таба алмайсыз. Олар алып сатарлардың қолында болады. Перзентханадағы адамдардың қолында болады. Мұны бизнес десек те болады. Біз 500 мыңға өте арзанға алдық. Біз әйтеуір қазақпыз ғой. Бір қулық жасадық. Әлеуметтік желіде «заң бойынша бала асырап аламын» деп жаздым. Көп қыздар хабарласты. Алаяқ қыздар өте көп. Ана мен бала үйі деген де бар. Ата-анасының үйіне бара алмайтын жүкті қыздар барады ол жерге. Бір танысым сіңлімнің баласы жоқ деп айтса, мәселе емес екенін, сол орталықта жүрген қызды үгіттеп жіберемін де, алып келемін баланы деп айтыпты. Ақшасы болса болды деген», – дейді келіншек.

10 жыл бұрынғы есеппен салыстырсақ балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны 70 пайызға азайған. Алайда, асырап алғандардың 20 пайызы баланы кері әкеліп тастайтын көрінеді.

«Дүкеннен киім сатып алсаңыз, ұнамаса қайтадан апарып жіберуге болады. Ұнамаған нәрсені алсаңыз, қайтадан апарып тастап кетуге болады. Ал бала зат емес, материал емес, ол адам», – дейді әлеуметтік педагог Алтынай Әубәкірова.

Елімізде жыл өткен сайын бедеулік те артып келеді. Бала аңсап жүргендердің де қатары көп.

«Бедеуліктің басты себебі – жыныстық қатынас кезінде жұғатын аурулардың болуында. Екіншіден әрине, қоршаған ортамыз, ішкен тамағымыз, демалған ауамыз әсер етеді», – дейді гинеколог Күлзира Исламқұлова.

 

0 пікір
Мұрағат