Бала асырап алатын отбасыларға қандай талаптар қойылады
Бала асырап алатын отбасыларға қандай талаптар қойылады
11 ай бұрын 1116 inform.kz Дәулет Ізтілеу

Елімізде бала асырап алу үшін кейбір құжаттарды электронды форматта тапсыруға болады, деп хабарлайды Kazinform Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстанда өз азаматтарымыз үшін бала асырап алу рәсімі өте қарапайым. Бала асырап алуға ниет білдірген азамат қорғаншылық немесе қамқоршылық органына мына құжаттарды ұсынады: өтініш, жеке басын куәландыратын құжаттар, отбасылық жағдайы, денсаулығы және сотталмағаны туралы анықтама, жақын туыстарының келісімі, баспанасы бар екенін дәлелдейтін құжат және табысын растауы керек», - дейді министрліктен.

Ақпаратта айтылғандай, бүгінгі күні құжаттардың бір бөлігін электронды үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызмет түрінде алуға болады, бұл құжат жинау уақытын қысқартады.

«Сонымен қатар, құжаттарды электронды үкімет порталы арқылы жіберуге болады. Бала асырап алуға үміткер ретінде танылып, баланы таңдағаннан кейін олар 2 апта жақын қарым-қатынаста болады», - делінген хабарламада.

Шетел азаматтары 16 атаудан тұратын құжаттар пакетін ұсынады және баламен 4 апталық қарым-қатынастан өтеді.

Биыл қазақстандықтар 200-ге жуық баланы асырап алды

Елімізде бала асырап алу заң аясында шешіледі. Өткен жылға қарағанда биыл бала асырап алу көрсеткіші көрсеткіші азайған, деп хабарлайды Kazinform.

«Бала асырап алу «Неке және отбасы туралы» кодекске сәйкес жүзеге асады және түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Өткен жылы жетім және ата-ана  қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардан – 204, биыл 190 бала асырап алынды. Қазір осындай ұйымдарда 100-ден астам тастанды бала тәрбиеленіп жатыр»,- деп жауап берді Оқу-ағарту министрлігі Kazinform сауалына.

Шетелдіктер бала асырап алам десе, аккредиттелген агенттіктер арқылы жүгіне алады. Шешімді сот қабылдайды. 

Өткен жылы шетел азаматтары 1 бала асырап алды, биыл шетелдіктер Қазақстаннан бала асырап алған жоқ.

«Неке және отбасы туралы» кодекске сәйкес бала асырап алған қазақстандық азаматтар баланың кәмелетке толғанға дейінгі өмір сүру, оқу, тәрбие және денсаулық жағдайы туралы есеп беруге міндетті. Алғашқы үш жыл ішінде есеп жылына екі рет, содан кейін асырап алынған бала 18 жасқа толғанға дейін жыл сайын ұсынылуы тиіс», - дейді министрліктен.

0 пікір
Мұрағат