Асырап алған баласын жетімдер үйіне өткізген ата-аналарға айыппұл салынуы мүмкін
Асырап алған баласын жетімдер үйіне өткізген ата-аналарға айыппұл салынуы мүмкін
7 ай бұрын 770 inform.kz Марлан Жиембай

Асырап алған баласын жетімдер үйіне өткізген ата-аналарға айыппұл санкциясы енгізілуі мүмкін. Бұл жайында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баланы кері қайтарған қабылдаушы ата-аналардың балаларды өз отбасына қайта асырап алу құқығы заңнамамен шектелген. Сонымен қатар сот шешімі негізінде бұрынғы бала асырап алушы ата-аналар баланы күтіп бағу үшін алимент төлейді. Баланы қабылдап алушы бұрынғы ата-аналарға айыппұл санкциясын енгізу туралы ұсынысты мұқият зерделеуді, халықаралық тәжірибені талдауды және қоғамдық талқыға салуды ескере отырып, министрлік (Оқу-ағарту министрлігі) мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес сектордың, халықаралық сарапшылардан тұратын жұмыс тобын құрды», - деп атап өтеді Үкімет басшысының орынбасары жауабында. 

Оның атап өтуінше, жұмыс тобы бұрынғы қабылдап алушы ата-аналарды жауапкершілікке тартудың әлемдік тәжірибесін зерттеп, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарға балалардың қайтарылу себептерін талдайтын болады.

«Атқарылған жұмыстың нәтижесі бойынша қажет болған жағдайда бұрынғы баланы қабылдап алушы ата-аналарға айыппұл санкциясын енгізуге қатысты заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар әзірленеді. Министрлік жұмыс тобы шегінде бүкіл ұсыныстарды талқылауға әзір»,- деді Тамара Дүйсенова.

Жетім балаларды қабылдайтын кәсіби отбасы институты енгізіледі

Елімізде жетім балаларды қабылдаушы кәсіби отбасы институты енгізіледі. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баланы қабылдап алушы ата-аналардың баланы асырау, тәрбиелеу және оқыту бойынша жүктелген міндеттердің орындалуын бақылауды қорғаншылық және қамқоршылық органдары жүзеге асырады, сонымен бірге қабылдап алушы ата-аналарға балалардың өмірі мен тәрбиесіне қажетті қалыпты жағдай жасауға көмек көрсетеді. Заңға сәйкес, қабылдап алушы ата-аналар бала он сегіз жасқа толғанға дейін қорғаншылық және қамқоршылық органдарына қабылдап алынған баланың тұрмыс жағдайы, білімі, тәрбиесі және денсаулығы туралы есеп беруге міндетті», - деп атап өтеді Үкімет басшысының орынбасары жауабында.

Оның атап өтуінше, жетім балаларды отбасына орналастыру мәселелері бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органдарының және жетім балаларға арналған ұйымдардың қызметін үйлестіру мен бірыңғай бақылауды Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жүзеге асырады.

«Қазіргі таңда Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан «Білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында жетім балаларды отбасыға орналастырудың баламалық нысаны ретінде қабылдаушы кәсіби отбасы институты енгізіледі. Заң жобасына сәйкес, қабылдаушы кәсіби отбасылар психологиялық дайындықтан, қорғаншылық және қамқоршылық органдарынан аккредитациядан өтіп, балалар анықталғаннан кейін тәуліктің кез келген уақытында денсаулық жағдайына қарамастан бірден қабылдайды», - деді Тамара Дүйсенова.

Премьер-министр орынбасарының пайымынша, қабылдаушы кәсіби отбасыларды енгізу балаларды қолдау орталықтарындағы тәрбиеленушілер санының төмендеуіне ықпал етіп, олардың қызметі балаларды тәрбиелеу мен күтіп бағудан кәсіби отбасыларды сүйемелдеуге және осы отбасыларға берілген балаларды бақылауға бағытталады.

0 пікір
Мұрағат