Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
9 жыл бұрын 8704

Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша, кеше, яғни, мамыр айының 31-і күні "Ақтабан шұбырындыдан" кейін қазақ даласында орын алған үлкен нәубеттердің бірі – ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні өтті.

Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні - Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып аталған 1997 жылдан бастап атап өтіледі. Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы болып қабылданған заңдардың бірі - 1993 жылғы сәуірдің 14-індегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы.

1930 жылдары Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Нақ осы жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған.

Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жабылып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады. Халықтың қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеді. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды.

Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысы қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.

Тарих ғылымдарының кандидаты Құралай Сарсембинаның пайымынша, Кеңестік тоталитарлық қоғам ұлт мүддесін аяққа басу, ұлт рухын әлсірету мақсатында саясат жүргізіп, «кеңес халқын» қалыптастыру ісін қарқынды қолға алды. КСРО-да 1920-1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін социалистік құрылысты орнықтырудағы шаруашылық механизмінің ажыратылмас бөлігіне айналды. 1920 жылдан бастап ВЧК-ГПУ-НКВД халық арасынан «кеңестерге қарсы мәліметтерді» жүйелі түрде жинаған. Жак Россидің айтуынша, 1920 жылдың басынан бастап-ақ «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» іс-әрекеті үшін 6 айдан жоғары мерзіммен бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. «Ал, 1930 жылы РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-10 бабымен 10 жылға сотталғандар саны миллионға жетіп, ГУЛАГ-тағы тұтқындар 25 пайызды құраған. Осы баппен сотталғандар түрмелер мен еңбекпен түзету лагерлерінде «агитатор» деген атты иеленген», - деп жазады ол.

Жалпы, тарихи деректерге қарағанда, 1921-1954 жылдары аралығында КСРО-да «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталса, олардың 642-сі ату жазасына кесілген екен.

Айта кетерлігі, дәл осы күні Қазақстанда ашарлықта қаза тапқандарды да еске алу күні ретінде аталып өтіледі. 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан, әсіресе Қазақ халқы қатты зардап шекті. Мұны 2012 жылы елордада «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» монументалды сәулетті көркем композициясының салтанатты ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баса айтқан болатын. «Кеңес Одағы аумағындағы 1932-1933 жылдары болған ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі еді. Сол кездерде Қазақстанда ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 млн. адамның өмірін жалмады. Қазақ сондағы жасанды зауалдан ең қатты зардап шеккен халықтың бірі еді», - деген еді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің алға тартқан деректерге сәйкес, тек 1932-1933 жылдары ең кемі 1,5 млн. қазақ аштықтан ажал құшты. Дегенмен бұл деректерді әлі де тыңғылықты зерттеу керек. Өйткені, ол кездегі есептерді басшылар өз пайдасына орай бұрмалап берген. Ал аман қалған қандастарымыздың тағы да 200 мыңы жосып, басқа мемлекеттерге көшіп кетті. Сол жылдары нәубетке шарпылмаған, аштық тауқыметін тартпаған қазақ қалған жоқ. Кейбір ауылдар түгелімен жоқ болып кетті. Мұның барлығы сол кездегі кеңестік биліктің тоталитарлық саясатының қолдан жасаған зұлматы еді. Ашаршылықтың алдындағы тіркелу, ұйымдастыру науқандары талай дәуірден бері қапысыз қалыптасқан көшпелі қазақтың шаруашылығын шайқап, тіршілік қалыбын бұзды. Соның салдарынан қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына 1970 жылдары ғана әрең қол жеткізді.

0 пікір
Мұрағат