Ақмолалық оқушы қазақ даласының хош иісі бар әтір ойлап тапты
Ақмолалық оқушы қазақ даласының хош иісі бар әтір ойлап тапты
1 ай бұрын 400 nege.kz
Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы Кеңес ауылының 5-сынып оқушысы Альбина Айдарханова ұстазымен бірге қазақ даласының хош иісі сақталған әтір шығарды.  Мектеп оқушысының айтуынша, оны ерекше хош иіс жасауға Сұлтан Бейбарыс туралы аңыздағы «Жусанда туған жердің иісі бар» деген қанатты сөз шабыттандырған. Бұл туралы nege.kz ақпарат көзі хабарлады. 

«Осындай сөзді естігеннен кейін, туған жердің иісі бар әтірді жасап шығарғым келді. Бұл иісті шығаруда мен ежелгі шығу тегімізді зерделедім» , - дейді Альбина Айдарханова.

Оқушы өз жұмысында табиғи ингредиенттерді пайдаланған. Парфюмерия жасаудағы негізгі өнім - туған өлкенің қасиетті жұпарына айналған қарапайым жусан.

«Біз үй жағдайында әтір жасау тәсілдерін зерттедік. Алған білімдерімізді практикада қолдану барысында жусанның сан түрін анықтадық. Егер әтірдің негізгі нотасы ретінде гүлдер қолданылса, біз оның орнына қарапайым жусанды таңдадық. Себебі оның тұнбасы тәбетті жақсартады, асқазан-ішек жолдарының қызметін нығайтады, жүйке жүйесін тыныштандырады, түрлі шаншу мен құрысуларды, ауырсынуды басады, тіпті тыныш ұйқыға септігін тигізеді», – дейді жоба жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі Жұпар Ахметова. 

Айта кетейік, бұл хош иіс «Елім-ай» деп аталады. Жас өнертапқыштың айтуынша, әтірдің атауы еліміздің мәдениетіне деген сүйіспеншілікпен байланысты. Бесінші сынып оқушысы жақында өткен ғылыми жобалар байқауында өз жұмысын қорғап, «Химия, биология» секциясында жүлделі 3 орынды иеленді.

0 пікір
Мұрағат