18 жасқа дейінгі бала қандай медицина көмегін тегін алады?
18 жасқа дейінгі бала қандай медицина көмегін тегін алады?
4 жыл бұрын 3178 Мейірман Лес. Dribbble.com/©Jormation

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры балаға медицина көмегін беру бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді. Бұл жайында baribar.kz ақпарат көзі мәлім етеді.

1. Балаға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеуім керек пе?

Жоқ, 18 жасқа дейінгі балалар жеңілдігі бар санатқа жатады. Мемлекет балаларға МӘМС үшін өзі аударым жасайды.

2. Балаларға арналған стоматология қызметтері МӘМС пакетіне кіре ме?

18 жасқа дейінгі балалар стоматология көмегін шұғыл және жоспарлы түрде тегін алады. Медициналық сақтандырудағы стоматология қызметтері пакетіне мыналар кіреді:

- тісті жансыздандыру және жұлу;
- пломба салу;
- абсцесстерді ашу;
- пульпит, периодонтитті емдеу;
- гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомия пішінін толық функционал қалпына келтіру;
- ерін мен тіл пластикасы;
- рентгенография;
- ортодонтия қызметтері: жақ-бет аймағының туа біткен патологиялары және таңдайдың бөлінуі болған кезде.

Стоматология көмегін алу үшін емханаға да, стоматология клиникасына да жүгінуге болады. Клиника қордың тізімінде болуға тиіс.

Стоматология қызметтерін ұсынатын ұйымдардың тізімін қордың сайтынан көруге болады. 

3. Балаға қандай жағдайда құрғақ сүт қоспасы беріледі?

Бір жасқа дейінгі балаға құрғақ сүт қоспасы тіркелген жеріндегі емханада мынадай жағдайда беріледі:

- емшектегі нәрестені асырап алғанда;
- ана АИТВ инфекциясымен немесе туберкулезбен, жіті психикалық аурулармен, туа біткен және пайда болған жүрек ақауларымен, жүрек-қантамыр жүйесінің декомпенсациясымен ілесе жүретін аурулармен, эндокрин және аллергия ауруларының ауыр түрімен ауырған жағдайда;
- балада туа біткен лактаза жеткіліксіздігінің, галактоземияның, фенилкетонурияның, "үйеңкі шәрбаты" ауруы болғанда;
- анасы цитостатика, радиоактив, тиреоид, психотроп және есірткі дәрілік препараттарды қабылдаған жағдайда;
- емшек сүтінің жетіспегенде;
- әйел күндізгі оқу нысанында оқығанда;
- әйел стационарда емделіп жатқанда.

Ананың жағдайына байланысты оған тек жасанды және аралас тамақтандыру тағайындалуы мүмкін. 

4. Созылмалы ауруы бар балаларға қандай оңалту шаралары қарастырылған?

Созылмалы ауруы бар балалар мен жасөспірімдер жылына екі-үш рет тұрақты медицина оңалтуынан өте алады. Бұл асқынулардың алдын алу үшін емханаларда динамикалық бақылау кезінде жасалады.

Үшінші кезеңді оңалтуды пациенттің ауруына байланысты медицина қызметкерлерінің жолдамасы бойынша емханаларда, күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда, оңалту орталықтарында және үйдегі стационарларда жүргізеді. 

5. Спорт секцияларына жазылмас бұрын электрокардиография, жүрек ультрадыбысын тегін жасатуға бола ма?

Әрине. Бұл үшін тіркелген жері бойынша учаске дәрігерінің немесе педиатрдың қабылдауына жазылу қажет. Дәрігер кардиологқа жолдама береді және ол спортқа қарсы көрсеткіштерді болдырмау үшін қажет шараларды тағайындайды.

6. Балалар дәрігерін қай кезде үйге шақыруға болады?

5 жасқа дейінгі баланың денсаулығы нашарласа, учаске дәрігері оны үйде қарайды.

5 жастан асқан баланы да дәрігер үйде тексереді. Алайда шақыру себебі және баланың жағдайы ескеріледі.

7. Жеке клиникаларда жоспарлы вакцинаны тегін салғызуға бола ма, ол үшін не істеу керек?

ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 612 қаулысына сәйкес, инфекциялық ауруларға (туберкулез, гепатит, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспе, B типті гемофильді инфекция, пневмококкты инфекция, қызылша, қызамық және паротит (свинка) қарсы жоспарлы профилактикалық екпелер – балаларға меншік нысанына қарамастан, тіркелген жеріндегі медициналық ұйымда тегін жүргізіледі.

Қазақстанда вакцинация жүргізу мерзімі адамның жасына сәйкес Ұлттық екпе күнтізбесімен белгіленген.

8. Балаға туа біткен жүрек аномалиясы диагнозы қойылды, оған қандай көмек бар?

Туа біткен жүрек кемістігі бар балаларға медицина көмегі диагностикалау мен емдеудің барлық кезеңінде тегін беріледі.

9. Балабақшаға немесе мектепке ресімдеу кезінде медицина анықтамасын сатып алу керек пе?

Жоқ, сатып алудың қажеті жоқ. Балабақшаға немесе мектепке қабылдау үшін медицина анықтамасын тіркелген жері бойынша емханадан сұратуға болады.

Анықтамаға баланың физиология параметрлері, аллергия реакциялары, созылмалы және бұрын болған инфекция аурулары, салғызған екпелері, профилактика тексерулері және зертхана талдауларының нәтижелері және тағы басқалары енгізіледі.

Бала балабақшаға қабылданғаннан кейін картаны сондағы медицина қызметкері толтырады.

10. Баланы профилактика тексеруінен қаншалық жиі өткізу керек?

Баланы профилактика тексеруінен жыл сайын – туғаннан бастап кәмелетке толғанға дейін жүргізіледі.

Мектепке дейінгі мекемелер тәрбиеленушілерін, мектеп оқушыларын, орта арнаулы оқу орындары оқушыларын және 18 жасқа дейінгі студенттерді білім беру ұйымдарындағы көшпелі бригада тексереді.

Мектепке дейінгі мекемелерге бармайтын балаларды емханада немесе отбасылық денсаулық орталығында тексеруге болады.

Бала тұтығып сөйлесе не істеу керек?

Баланың тілі шыға бастағанда былдырлап сөйлейтіні белгілі. Кейде кекештеніп, тұтығып сөйлеуі де мүмкін. Бұл – заңдылық. Ал бұл әдетін бала ұзақ уақыт қоймаса ше? Бұл жайында massaget.kz ақпарат көзі мәлім етеді.

Медицинада кекештік деген түсінік жоқ. Баланың басында тілі шықпай, тұтығып сөйлеуі қалыпты жағдай әрі уақыт өте келе кетеді.

Бірақ, мынадай жағдайларда баланы дәрігерге не логопедке апару керек: 

- Бала 3-6 ай бойы кекештеніп жүрсе әрі жиі-жиі тілі байланып қала берсе;

- Жанұяда не әулетте тұтығатын адам болса (тұқымнан);

- Бала тұтығып сөйлейтінін біліп, одан ұялса.

Логопед балаға сөзді жылдам не ақырын айтқызып, тілін жаттықтыруға көмектеседі. Әрі балаға қысылмауды, ұялмауды үйретеді.

Ата-анаға мынандай кеңес беруге болады:

- Бала алғашқы кезде тұтығып сөйлеп, біраз кекештік байқалса,  қара аспанды төндірудің қажеті жоқ. Бұл балаға да зиян, өзінен-өзі қысылатын болады. Содан тіл кемістігіне әкелуі мүмкін.

- Баламен көбірек сөйлесіңіз, сөзін барынша аяғына дейін тыңдау керек. Мейірім мен махабаттан кенде қалмасын. Барынша түсінуге тырысу қажет. Әрі сөзді не сөйлемді аяқтай алмай жатса, оның орнына сіз жалғап, сөзін аяқтамаңыз. Өзі сөйлесін.

- Балаға қоғам не отбасы мүшелері тарапынан қысым болмасын. Мұның барынша алдын алған жөн.

- Егер балада расымен тұтығу, кекештік бары белгілі болса, балаға оны түсіндірген абзал әрі онымен бірге екеніңізді ұқтырыңыз.

- Логопедпен ақылдасып, баланың тілін жөндеуге тырысу қажет.

Тұтығудың пайда болу себебі

Статистикаға сүйенсек, әлемде дүниеге келген 20 баланың біреуі кекеш боп туады екен. Аурудың белгілері 2-5 жаста байқалады. Бірақ уақыт өте келе кетеді. Кейде бір аптадан бірнеше жылға дейін жалғасуы мүмкін. Ал кейбірі сол беті қалып қоюы ықимал.

Яғни, алғашында тұтығып сөйлеп жүрген балалардың кейін 1 пайызға жуығы сол күйі сөйлей алмай қалады. Бала дамуында бір кемістік болды деген сөз.

Кекештік – тұқыммен, ген арқылы берілетін дерт. Кекештікке душар ететін арнайы ген болатын көрінеді. Мұны медицина кейін анықтады.

Бала туғанда не жүре келе жарақат алса, ми қабаты жарақаттанса, содан кекештік пайда болуы мүмкін. Шок алса да, психогенді дертке тап болады.

Көбіне, ұл бала кекештікке "бейім" келетін көрінеді.

Полиомиелит деген қандай ауру? Оның қазақстандық балаларға қандай қаупі бар?

ХХ ғасырдың 50 жылдарының соңына дейін полиомиелит өте қауіпті ауру болды. Ауру эпидемияға ұласып, әртүрлі елдерде бірнеше мыңдаған адамдардың, оның ішінде балалардың өмірін қиды. Науқастардың шамамен 10%-ы көз жұмып, 40%-ы мүгедек болып қалған.Бұл жайында stan.kz ақпарат көзі мәлім етеді.

Полиомиелитпен негізінен балалар ауырады, әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар ауруға жиі шалдығады. Вирус ағзаға ауыз қуысы арқылы еніп, әрі қарай қанға түсіп, жүйке жүйесіне әсер етеді, кейде сал ауруын тудырады. Көбіне аяқты зақымдайды, әр оныншы науқастың өкпесі жұмыс істемей, тұншығудан көз жұмады. 

Полиомиелит ұзақ уақыт бұрын пайда болған. Полиомиелит құрбандары жайлы деректер Ежелгі Мысырмен байланысты. Археологтар Мысыр мумияларында полиомиелитке тән сүйек өзгерісін тапқан. Бұған қоса, ежелгі иероглифтерде оң аяғы ауруға шалдыққан абыз бейнеленген.

1840 жылы неміс ортопеді Якоб Гейне 200-ден астам науқастарға жүргізген бақылауларының нәтижелерін қорытындылай келе, полиомиелитті жеке ауру ретінде бөліп, оны нәрестелік жұлын сал ауруы деп атады.

XX ғасырдың басында аурудың инфекциялық сипаты дәлелденіп, полиомиелит қоздырғышы полиовирус анықталды.

Өткен ғасырда АҚШ-та полиомиелиттің өршуі тіркелген.

1916 жылы 17 маусымда Бруклинде (Нью-Йорк)  ресми түрде эпидемия жарияланды. Онымен күресу үшін билік белсенді шаралар қабылдады. Науқастардың аты-жөндері мен мекенжайлары газеттерде шыға бастады. Ауру адамдары бар отбасылар карантинге алынды. Олардың үйлерінің есіктеріне "Полиомиелит. Жұқпалы ауру. Бұл үйден аулақ болыңыз. Бұл хабарламаны құзыретсіз алып тастаған адам жауапқа тартылатын болады" деген хабарламалар жабыстырылды. Нью-Йоркте кинотеатрлар жабылып, бұқаралық іс-шараларға тыйым салынды, балалардың ойын-сауық саябақтарына, бассейндерге, жағажайларға және басқа да қоғамдық орындарда жүруіне шектеу қойылды. Мыңдаған адамдар жұқпалы аурудан қорқып, қаладан кетіп қалды.

Сол жылы АҚШ-та 27 мыңнан астам адам полиомиелитпен ауырған. Оның ішінде 6 мыңнан астам адам көз жұмды. Мыңдаған науқастар сал болып қалды.

1916 жылғы алғашқы әрі ең қауіпті эпидемиядан кейін полиомиелит ауруы АҚШ-та жыл сайын қайталана бастады.

1921 жылы министрдің көмекшісі болып жұмыс істеген АҚШ-тың болашақ президенті Франклин Рузвельт полиомиелиттің құрбаны болды. Осыған байланысты полиомиелит туралы қоғамдық пікір күрт өзгерді: бұл тек балалар арасында таралатын ауру ретінде саналмайтын болды. Кейінірек, 1938 жылы Рузвельт ғылыми зерттеулерді қолдау және аурудан зардап шеккендерге көмектесу үшін Паралитикалық полиомиелитке қарсы қор құрды.

АҚШ-тан басқа, Канада, Ұлыбритания және Еуропа елдерінде аурудың жоғары деңгейі байқалды.

Емдеудің тиімді әдістері болмады. Ауру балалар ауруханаларға түсіп, онда бірнеше ай, кейде жылдап жатты. Сирек жағдайларда сал ауруының салдары ұзақ мерзімді оңалту арқылы азайтылды, бірақ көбіне балалар өмірінің соңына дейін ішінара немесе толықтай сал болып қалды. Егер вирус көкет бұлшықетіне әсер етсе, науқастар арнайы аппаратқа жатқызылатын болған. Мұндай құрылғылар «темір өкпе» деп аталған. Полиомиелитке шалдыққан адамға бұл құрылғы бірнеше апта немесе жылдар бойы, кейде өмір бойына қажет болуы мүмкін.

Ғалымдар аурудың емін іздеумен болды. Біріншілері зертханалық жағдайда вакцина әлсіретілген қоздырғыштардың (ауру тудыратын вирустар немесе бактериялар) штамдары негізінде жасалады. Екіншілері - зертханада өсірілген, содан кейін термиялық өңдеумен немесе химиялық жолмен (улаумен) өлтірілген микроағзалардан дайындалды.

Жаппай вакцинациялау үшін пайдаланылған полиомиелитке қарсы алғашқы вакцинаны американдық дәрігер Джонас Солк ойлап тапты. Ата-анасы Ресейден көшіп келген Джонас Солк АҚШ-та медициналық білім алып, тұмау вирусын зерттеумен айналысқан. 1948 жылы Питсбург университетінің медицина мектебінің профессоры ретінде ол Ұлттық сәбилер параличтік қорының грантын жеңіп алды.

Солк 1950 жылы өлтірілген вакцинаның прототипін жасап шығарды. Мұны өзіне, отбасы мүшелеріне және бұрын полиомиелитке шалдыққан адамдарға сынап, өзінің жетістігі туралы жариялады. 1954 жылы алғашқы вакцина сынақтары жүргізілді. 1,8 миллион американдық балалар вакцина немесе плацебо қабылдады. Вакцинаның тиімділігі 80-90 пайызға жетеді деп көрсетілді.

1961 жылы оның әріптесі Альберт Сейбин вакцинаның инъекция арқылы емес, ішуге болатын жетілдірілген нұсқасын ұсынды. Сейбин вакцинаны өз қыздарына, содан кейін Огайо штатындағы түрмелердің бірінің тұтқындарының ішінен еріктілерге сынап көрді. Дәрігер сотталған қылмыскерлерге сөз сөйлеп, балаларды өлтірген және мүгедек еткен аурумен күресте көмек беруін өтінді.

Алайда АҚШ билігі Солктың өлтірілген вакцинасын қауіпсіз деп шешіп, Сейбиннің тірі вакцинасын қолданудан бас тартты.

Бірақ оның негізінде КСРО-да вакцина жасалды. Полиомиелиттің алғашқы айтарлықтай өршуі КСРО-да 1949 жылы болды, ең ауыр түрде Балтық елдерінде, Қазақстанда және Сібірде өтті.

Вакцина пайда болғаннан кейін елде эпидемия 1,5 жылда аяқталды. 1960 жылы КСРО-да вакцина 77,5 миллион адамға егілді.

ХХ ғасырдың 50-60-шы жылдары ауру Жапонияда өршіді. Індетті тек вакцина ғана тоқтата алды. Бірақ оны пайдалануға тіркеу және рұқсат беру өте қиын болды.

Сол кезде полиомиелитпен ауыратын балалардың аналары көшеге шығып, полиомиелитке қарсы вакциналарды КСРО-дан әкелуге рұқсат сұрады. Олардың өтініштері жүзеге асып, 20 миллион жапон балалары ауру қаупінен құтқарылды.

Кейіннен дәрігерлер полиомелитті түбегейлі түрде жеңді. Егер 1988 жылы 125 елде полиомиелитпен 350 мыңға жуық адам ауырса, 2012 жылы әлемде 223 жағдай ғана тіркелген. Ал 2019 жылы - 95.

2002 жылдан бастап ДДСҰ Қазақстанды полиомиелиттен азат ел ретінде ресми түрде жариялады.

2010 жылы тамызда Қазақстанда полиомиелитті сырттан жықтырып келген науқас анықталды. Бұған дейін біздің елімізде 15 жыл бойы полиомиелит болған емес.

0 пікір
Мұрағат