Сарап: Державалардың Қазақстандағы бәсекесі күшейеді - The Qazaq Times
Сарап: Державалардың Қазақстандағы бәсекесі күшейеді - The Qazaq Times
6 күн бұрын 757 qazaqtimes.com Естай Божан

Елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ресми биліктің сұранысы бойынша Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт Ұйымының әскерлері Қазақстанға кірді... Назарларыңызға The Qazaq Times ақпарат көзінің сарапшысы Естай Божанның талдау материалын беріп отырмыз.

Тоқаев админстрациясының Алматыдағы басбұзарларды ұйымдасқан «террорлық» және «бандалық топтар» деп атауы, әрі елде терроризмге қарсы күрес науқанын бастауы ҰҚШҰ әскерінің елге кіруіне құқықтық шарт түзді. Осылайша, Қазақстанның ішкі мәселесі біршама ауқымды геосаяси масштабқа көтерілді, бұл өз  кезегінде бізде мүдделік байланыстары жоғары Ресейді қамтыған бірнеше держава ортасындағы бәсекелестікті де күшейтуі мүмкін. Ұйымның өзге мүшелерінен ондап, жүздеп жіберілсе, Ресейден  екі мыңнан астам әскер Қазақстанға кірді. ҰҚШҰ әскерінің кіруі Қазақстандағы, соған ілесе Орталық Азиядағы Ресей ықпалын арттырары сөзссіз.

Осы тұста геостратегиялық мүдделері бойынша Орта Азияда Ресеймен бәсекелесіп келе жатқан Қытай, Түркия және өзге де державалардың Қазақстандағы жағдайға жіті мән беріп отырғаны да айқын көрінді.

Соның дәлелін былай айтып көрелік:

- 8 қаңтарда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, елдегі жағдайға баса мән беріп отырғанын айтты. Екі ел арасындағы ынтымақтастық қайта-қайта сөз етілді; Тіпті, Түркия тарабы жағдайды реттеу бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, техникалық көмек көрсетуге дайын екенін білдірді;

- 7 қаңтар түрік СІМ басшысы Мевлүт Чавушоғлу қазақстандық әріптесі Мұхтар Тілеубердіге қоңырау шалып, Қазақстанда болып жатқан мәселелер бойынша сөйлесті;

- Түркия Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп та қазақстандық әріптесі Нұрлан Нығыматулинмен телефон арқылы сөйлесті;

- Түркия қорғаныс министрі де Қазақстанға қатысты мәлімдеме жасап, «қазақ халқы қиындықтарды еңсеріп шығады» дегенге жақын лебіз білдірді;

- 7 қаңтарда Қытай СІМ тарабы мәлімдеме жасап, Қазақстанға жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті көмек ұсынуға дайын екенін білдірді; 10 қаңтарда Қытай СІМ басшысы Уаң И ҚР СІМ жетекшісі М.Тілеубердімен телефонда сөйлесті;

- 10 қаңтарда Қытай басшысы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин) мен Беларусь президенті Лукашенок арасындағы сөйлесуде де ҰҚШҰ әскерлерінің Қазақстанға кіруі және Қазақстандағы жағдай сөз болды.

- 10 қаңтарда ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігі мәлімдеме жасап, елдегі дағдарысты шешуге қолғабыс етуге дайын екенін жеткізді;

- Ал, Ресей президенті Путин мен Қазақстан президенті Тоқаев осы күндер арасында бірнеше рет сөйлесті. Түрік ақпарат құралдары «Путин Тоқаевпен көп мәрте сөйлесіп кетті» деп жазып жатты.

- АҚШ мемлекеттік хатшысы ҰҚШҰ әскерлерінің Қазақстанға кіруіне байланысты алаңдаушылық білдірген сыңайдағы мәлімдеме жасады.

Бұлар дерлік мүдделі державалардың Қазақстанға баса назар аударып отырғанын көрсетті. Енді бұларды жеке-жеке талдап көрелік.

Түркия

Қазақстандағы жағдайда баса мән берген елдің бірі Түркия болды. Түрік жетекшілерінің Қазақстандағы әріптестерімен сөйлесу кезінде екі елдің ынтымақтастығы, Түркі Мемлекеттері Ұйымының маңыздылығы және достық-бауырластық қатынастар көбірек сөз болды. Түркия тарабы өзінің барлық қолдан келген көмегін беруге дайын екенін жеткізіп жатты. 11 қаңтарда өткен Түркі Мемлекеттер ұйымының СІМ басшылары арасындағы онлайн самитте де Қазақстандағы жағдай маңызды тақырыптың бірі болды. Мевлут Чавушоглу сөзінде түркі әлемнің ортақ үлкен отбасы екенін айта келіп, Қазақстандағы секілді мәселелерді ортақ шешуге ұмтылу керек деген сыңай танытты, әрі ондай мәселелерде ТМҰ-ның қолайлы платформа болатынын да сөз етті.

Түркия Таулы-Қарабақ соғысынан кейін Каспийдің шығысындағы түркі тілдес мемлекеттерге ықпал күшін арттырудың қарқынды қадамдарына кірісті. Өткен күзде ғана Түркі тілдес мемлекеттері кеңесі ұйымға айналып, бұл ұйымдағы Түркияның көшбасшылық орыны да көріне бастаған еді. Қазақстандағы және өзге орта азиялық елдердегі экономикалық салымы аз болғанымен Анкара аймақтағы елдермен қорғаныс саласындағы және мәдени алмасу жағындағы байланыстарды қарқынды дамытып келеді. Бұдан тыс Ауғанстандағы жағдайға байланысты, ондағы әскери қимылдарға Түркияның қатыса бастауына ілесе де Түркия Орта Азиядағы стратегиялық қадамдарын алға бастырып, өңірге әсер етуге таласқан үш негізгі күштің біріне айналған еді. Түркия бұл барыста өзінің аймақтағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан секілді елдермен тарихи-мәдени байланыстарын да алға тартып отырды.

Қытай

Қытай да Қазақстанда болып жатқан мәселеге қатысты үнсіз қалған жоқ. 7 қаңтарда Қытай СІМ-інің баспасөз өкілі Уаң Венбиң Бейжіңнің көзқарасы туралы мәлімдемесінде «сыртқы күштердің Қазақстанда мақсатты әлеуметтік толқу тудырып, зорлық-зомбылық пен арандату ұйыстыруына батыл қарсы тұратынын» баса белгілеп, Қазақстанға барлық қажетті көмекті көрсетуге дайын екенін жеткізген еді. Бұл мәлімдеменің өзіде белгілі геосаяси мәнге ие екені анық.

Қазақстанда Қытайдың да салмақты стратегиялық мүддесі бар. Алғашқы наразылық кезінде батыстағы Қытай инвестициясы бар мұнай кен орындарының жұмысшылары да наразылыққа қытысты. Бұл жағдай Қытай тарабын алаңдатпай қоймайды. Ол ғана емес, Қытай басшысы Ши Жинпиңнің (Си Цзиньпин) «Бір белдеу, бір жол» атты глобалдық жобасы алғаш 2013 жылы Қазақстанда ұсынған әрі бұл жобада Қазақстанның маңызы аса жоғары. Қытайдың өзіне тасымалдайтын мұнай-газ құбырлары Қазақстан арқылы Шыңжаңға кіретінін айтпаған күнде ед, маңызды сауда жолы да Қазақстан арқылы Орта Азияға, ары қарай өзге елдер мен аймақтарға жалғасады.

Қытайдың Қазақстандағы жағдайға баса назар аударуының тағы бір себебі Шыңжаң мәселесіне де байланысты. Шыңжаңға болған Қазақстан әсері Қытай үшін аса сезімтал тақырып. Ондағы аз санды ұлттарға, әсіресе қазақтарға жасалып жатқан қысымдар қазақ қоғамында үнемі көтеріліп келеді. Тіпті, Қазақстандағы Қытай елшілігінің алдында жүздеген күнге жалғасқан наразылық акциясы толастаған емес. Қазақстанда ұйғыр диаспорасының өмір сүретіні де Қытай үшін көңіл бұрмаса болмайтын тақырып.

ҰҚШҰ құрамында Ресей таңдаулы сарбаздарын Қазақстанға жіберетіні мәлім болғаннан кейін Қытай басшысы да бірден Қазақстандағы жағдайға қатысты ұстанымын жария етті. Ал, 10 қаңтар күні Қытай СІМ басшысы Уаң И Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен телефон арқылы сөйлесті. Бұл сөйлесулер мен мәлімдемелер кезінде Қытай тарабы ҚР президенті Тоқаевтың Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу рәсіміне қатысуға шақырғаны да байқалды. Бұл да Қытайдың өзіндік мүдделерін алға жылжыту үшін әрекет етіп отырғанын көрсетті.

Батыспен қарым-қатынастың нашарлауы Қытай мен Ресейді жақындата түскені рас. Дегенмен, Орталық Азия бойынша Мәскеу мен Бейжің бәсекелес болып қала береді. Қазақстандағы жағдайды және ҰҚШҰ әскерінің Қазақстанға кіруіне қатысты мәселені Қытай басшысы Ши Жинпиңнің Путинмен емес, Лукашенкомен талқылауы да үлкен мәнге ие, тіпті дипломатиялық мәні бар мақсатты жүріс деуге болады.

Бұдан бір жылдан астам уақыт бұрын елінде өзінің билігіне қарсы толқулар болған Лукашенко Қазақстандағы жағдай бойынша белсенді мәлімдеме жасаған, әрі ҰҚШҰ күштерінің жіберілуіне де белсенділік танытқан лидер болды. Бұл арада біз Лукашенок мен Назарбаев ара қатынасының тығыз болып келгені, Путин соңғы кезде Тоқаевқа көбірек назар аударуы сынды екі түйінді де ескеруге тиіспіз. Қазақстанда дүрбелең басталудан бірер күн бұрын ғана Лукашенко Назарбаевпен телефон арқылы сөйлескен. Осыдан кейін барып«Неге Путиннен емес?» деген сұраққа жауап табылатындай. Қазақстандағы жағдайды толық түсіну үшін Қытай басшысына Беларусь президентінен қолайлы адам болған жоқ. Оның үстіне Қазақстанға басым көп әскер жіберіп отырған Мәскеудегі әріптесімен бұл шепте бәсекелес болып қалды. Мүмкін бұл сөйлесуде Си Лукашенкодан Қазақстанның жоғары билік элитасы ішіндегі бізге де жұмбақ болып отырған кейбір жағдайларды сұрап білген болар.

Батыс

Елдегі күрделі жағдайға байланысты президент Тоқаев стратегиялық, экономикалық маңызы бар нысандарды әскери күшпен қорғауға алуға бұйрық берген еді. Бұлардың қатарында әлемдегі аса маңызды мұнай кен орындарының бірі саналатын «Теңіз мұнай кен орыны» да бар. Ал, Атырау әкімдігінің ресми мәлімдемесінде аталған кен орнын әскери күзетке алуға ҰҚШҰ күштерінің қатыстырылмағанын баса белгілеп кетті.

Елде тұрақсыздық орнаған тұста Теңіз мұнай кеніне баса мән берілуі бекер емес. Бұл Қазақстан мұнай өндірісі мен елдің жалпы экономикасына тікелей әсер ететін нысан. Онда Қазақстан-АҚШ бірлескен «Теңіз Шеврон мұнай компаниясы» жұмыс істейді, оның үстіне кен өндірісінің 25 пайызы АҚШ-қа тиесілі Exxon Mobil компаниясына тән, аздаған бөлігі ресейлік «Лукойл»-ға, басым көп бөлігіне Қазақстан мұнай компаниялары иелік етеді. Атырау әкімдігінің ресми мәлімдемесінде ҰҚШҰ күштерінің бұл нысанды қорғауға қатыспағанын баса белгілеп айтқаны да сондықтан.

Қазақстанның пайдалы қазбаларын игеру саласында Батыс елдерінің капиталы басымдыққа ие. Әсіресе, Британия, Нидерланды, АҚШ және Германия секілді елдердің инвестициясы көбірек. Бұл салада Қытай инвестициясы жыл сайын өсіп келе жатқанымен жалпы жағынан алғанда басымдыққа ие емес. Міне сондықтан да, ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігі 10 қаңтарда мәлімдеме жасап, Қазақстан ЕО-ның маңызды серіктесі екенін және ЕО Қазақстанға қазіргі дағдарысты шешуге, қиындықты еңсеруге қолғабыс етуге дайын екенін жеткізді.

Ал АҚШ болса, көпшілік хабардар болы, мемлекеттік хатшысы Антони Блинкен ҰҚШҰ контенттерінің Қазақстанға кіруіне алаңдаған сыңайдағы пікір білдірді.

Ресей

Ресей тақырыбынан айтудың өзі артық болатындай. Мәскеу бұл жолы Орталық Азиядағы ықпалын арттыруда аса маңызды әрі өзіне ұпай беретін қадамды жасай алды. Орыстың түрлі басылымдары Қазақстан туралы не бір қисынды-қисынсыз сөздерді қарша боратты. «Осы орайда Қазақстанды Ресей құрамына қосып алайық» дейтін радикал «саясаткерлері» де болды. Орыс БАҚ-ы Түркия мен Әзірбайжандағы қоғамдық пікір соңғы аптада Қазақстан тақырыбына айналғанына да мән беріп жатты. Онда айтылған «Түркі Мемлекеттері ұйымы Қазақстанға әскер жіберуі керек» деген бейресми пікірлердің өзі ресейлік сарапшылардың шымбайына батып кетті.

Түйін

Қазақстандағы болған күрделі жағдай тек елі ішіне ғана емес, іргелес аймақтар мен елдерге де түрі әсер беретіні сөзссіз. Қазақстан сынды бай шикізат өндірісіндегі ел державалардың назарында екені о бастан белгілі. Бірақ, қазіргі жағдай бізге мүдделі сыртқы күштердің бәсекесін бір саты жоғары деңгейге көтерді. Оларды алаңдататын сұрақ – Қазақстан өз иелігіндегі уран, металл, мұнай, газ т.б. ресурстарды жеткізуде кімге басымдық береді, ендігі мәселе осында болса керек. Қазақстанның келесі бір тарапқа шикізат көзі болып кетпес үшін барлық мүдделі тараптар талас жүргізеді. Бұл өз ретінде Қазақстандағы ішкі саяси жағдайға да әсер етуі бек мүмкін.

Естай Божан 

The Qazaq Times 

0 пікір
Мұрағат