Қазақстандық хирург адам жарақатын сиыр терісімен емдейді
Қазақстандық хирург адам жарақатын сиыр терісімен емдейді
9 жыл бұрын 3360

Хирург Қабылбек Әбуғалиев мал терісін пайдалану арқылы жаңадан адам терісін өсіріп шығарудың жолын тапты. Оның бұл тың жаңалығы отандық медицинада кішігірім сенсация ретінде бағаланды. Бұл жайында nur.kz ақпарат көзі хабар таратты.

Адамның дене жарақатын жазу үшін қолданылатын өнім кәдімгі сиырдың терісінен алынады. Арнайы биологиялық өңдеуден өткен соң күйік шалған немесе жарақат алған жерге жапсырса, адам терісі өздігінен өсіп шығады.

Бұл препаратты жасап шығаруға ғалым 3 жылдай уақытын жұмсаған. Қазірге дейін 30-дан астам адамға тәжірибе ретінде ота жасалып, барлығы сәтті аяқталыпты. Тіпті, денедегі жарасы 10 жылдап жазылмай жүрген науқастар да құлан-таза айығып шыққан.

Айтуынша, егер қолданысқа енетін болса, бағасы да арзанға түспек. Су жаңа дәрілік өнімге әзірге "Ксенографт" деп ат қойылыпты. Егер жоба мемлекет тарапынан қаржыландырылып жатса, бұл дәрімен бүкіл елді қамтуға болады екен.

"Зертханалық өңдеу арқылы терінің құрамындағы мал жасушалары түгел жойылады. Сөйтіп, адам терісінің өсуін жылдамдататын заттар енгізіледі. Бұл өнім дене жарақатын сыртқы микробтардан қорғап, асқынуын тоқтатып, жазылып кетуін жылдамдатады", - дейді Қабылбек Әбуғалиев.

0 пікір
Мұрағат