Қатар ұлттық мұражайында қазақша аудиогид іске қосылды
Қатар ұлттық мұражайында қазақша аудиогид іске қосылды
7 ай бұрын 816 inform.kz Жанат Қапалбаева

Қатардың ұлттық мұражайы қазақстандық туристерге арнап елдің тарихы мен мәдениетін, бірегей дәстүрі мен өмір салтын қазақ тілінде баяндайтын аудиогидті іске қосты, деп хабарлайды Kazinform.

Бүгінгі таңда аталған аудиотур араб және ағылшын тілдерінен бөлек француз, корей, түрік, хинди, испан, орыс және украин тілдеріне аударылған.

Мемлекеттік тілдің абыройы мен беделін арттыру мақсатында Қазақстанның Қатардағы Елшілігінің Доха қаласында білім алып жатқан бір топ қазақстандық студенттермен жүзеге асырған бірлескен жобасы аясында мұражай жәдігерлері туралы аудио ақпарат қазақ тіліне аударылып дыбысталды.

Қатардың тарихы мен сирек кездесетін жәдігерлері туралы отыз бір бөлімнен тұратын аудиотур Қатар Ұлттық мұражайына келушілер үшін де, мұражайдың ресми сайты арқылы оқырмандарға да қашықтықтан қолжетімді.

Жалпы, Қазақстан мен Қатар арасындағы мәдени ынтымақтастыққа сүбелі үлесін қосатын бұл жоба мемлекеттік тілдің халықаралық деңгейде танымалдығын арттыруға, шетелде тұрып жатқан отандастар үшін ана тілін білу деңгейін жетілдіруге септігін тигізе отырып, қазақ тілін оқуға қызығушылық танытқан әрбір азаматтың талпынысына жігер береді.

Қатар ұлттық мұражайы Таяу Шығыс өңіріндегі мұражайлардың ішінде жәдігерлердің ең қомақты қорынан бөлек, өзінің таңғажайып сәулетімен ерекшеленеді.

Мұражай ғимаратының шөл раушаны пішіндес дизайнын Притцкер жүлдесінің иегері әйгілі француз архитекторы Жан Нувель жасаған.

Былтыр футболдан әлем чемпионаты өткен Доха қаласы өңірде үлкен қарқынмен дамып келе жатқан жаңа туристік бағыт деуге болады. 2022 жылы Қатар 2,5 млн. туристі қабылдаған.

Олардың көбін АҚШ, Еуропалық Одақ, Қытай және көршілес араб елдерінің азаматтары құраған.

Қатар Мемлекетінің қазақстандық туристер арасында да танымалдығы артуда.

Екі ел арасында визасыз режим орнатылып, тұрақты және чартерлік тікелей әуе рейстердің ашылуы нәтижесінде 2022 жылдың басынан бері шамамен 20 мың қазақстандық Қатарға сапармен барды.

Алдағы уақытта бұл көрсеткіштің өсуін көзделгенін ескере отырып, екі елдің әуе компаниялары тікелей рейстер санын 28-ге дейін ұлғайтып, Қазақстанның 5 қаласынан (Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтөбе) тікелей чартерлік рейстер ашуды жоспарлап отыр.

0 пікір
Мұрағат