Мұсылмандарға арналған әлеуметтік желі ашылды
Мұсылмандарға арналған әлеуметтік желі ашылды
2 жыл бұрын 2152 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Исі мұсылманға арналған әлеуметтік желі ашылды. Бұл жайында islam.kz порталы golosislama.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Біз сөз етіп отырған Umma Life әлеуметтік желісі өзге желілерден айырмашылығы – шариғат талаптары мен ислам құндылықтарына сай келеді. Аталмыш әлемжеліні тек мұсылмандар ғана емес, сонымен қатар, мұсылман еместер де пайдалана алады. Мұсылмандардың өзі қолға алған бұл жоба бірнеше тілде аударылған. Мұсылман үмбетінің көзайымына айналуы тиіс бұл жоба қазіргі уақытта Түркияда тіркеуден өткен әрі уақыт өте келе мұсылман тұрғындар қарасы көп елдерде штаб-пәтері ашылмақ. Umma Life – діндес бауырларының ауызбіршілігін арттыруға әрі наным-сенімі өзге адамдармен байланыс орнатуға, сондай-ақ, көкейтесті мәселелер бойынша пікір алмасуға қызмет етек. Аталмыш әлемжелідегі пікір алмасу да, өзге әрекеттер де шариғат талаптарына сай болуы мен әдеп аясынан шықпауы қадағаланады. Бұл жобаға мұсылман қоғам қайраткерлері, кеңесшілері, сарапшылары атсалысқан. Umma Life авторлары діндар ерлер мен әйелдер үшін тұтас виртуалды тіршілік ету ортасын құру үддесінен шығуды алдарына мақсат еткен. Umma Life пайдаланушыға қажетті, уақыт талабына сай барлық қызметтерді қамтуға тырысқан: неке қызметі, интернет-дүкен, еңбек биржасы, рухани көкжиекті кеңейтетін, рухни танымды арттыратын модульдер, тегін діни кітапхана және үнемі жаңартылып отыратын ислам мультимедиялық репозиторийі (фильмдер), бейнероликтер, пікір жетекшілері, имамдар, мүфтилермен сұхбат, т.б. Осылайша Umma Life жобасы бүгінде нарықтағы өзге әлемжелідегі кемшіліктерді ескере отырып, «Бір үмбет – бір желі» ұраны бойынша шешім қабылдауға көмектеседі. Үйден шықпай-ақ бұл желіде сіз сауда жасай аласыз, білім ала аласыз, жұмысқа орналаса аласыз (немесе қызметкерлер іздей аласыз), мессенджерде сөйлесе аласыз, бейнеконференциялар ұйымдастыра аласыз, форумдарда пікір алмасуға, көпшілікті басқаруға, блогтар жазуға, ойын-сауық және білім беру мазмұнын қарауға, қайырымдылық шараларға қатысуға болады, сонымен бірге, неке мен отбасына қатысты мәселелерді шеше аласыз. Қазіргі уақытта Umma Life жобасын төрт тілде, атап айтқанда, араб, түрік, ағылшын және орыс тілдерінде пайдалана аласыз. Алдағы уақытта қолдану тілдері артады. Бұл әлемжеліге тіркелу жасына белгілі бір шектеу қойылған – 12 жастан басталады. Экстремистік материалдарды жариялауға қатаң тыйым салынады. Бұдан бөлек, Umma Life ережесіне сәйкес адамның ар-ожданына тіл тигізуге, балағаттауға, діни кемсітушілікке жол берілмейді. Мұндай әрекеттерге барған пайдаланушының парағы бұғатталады әрі жарияланған материалдары жойылады. Ең басты артықшылығы – жарнама болмайды. Осылайша күллі мұсылманның өз ақпарат кеңістігі мен виртуалды платформасы қалыптасады. Дегенмен бұл жобаның қаншалықты сәтті шығатынын алдағы уақыт көрсетеді.

0 пікір
Мұрағат