МӘМС: Ауырмаған адамға сақтандыру үшін аударған ақшасы қайтарыла ма? МӘМС жүйесіне 1 сәуірге дейін тіркелу керек
МӘМС: Ауырмаған адамға сақтандыру үшін аударған ақшасы қайтарыла ма? МӘМС жүйесіне 1 сәуірге дейін тіркелу керек
5 жыл бұрын 1887

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Ситқазинов азамат бір жыл бойы ауырмаған жағдайда міндетті сақтандыруға аударған ақшасы қайда жұмсалатынын айтты, деп жазады ernur.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.

«Егер осы жылы ауырмаған болсаңыз - сақтандыруға аударған ақшаңыз қайтарылмайды. Медициналық сақтандырудың қағидасы: дені сау адам науқас үшін, бай адам кедей адам үшін төлейді. Егер биыл ауырмаған болсаңыз – сақтандыруға аударған ақшаңыз ауырған адамдардың еміне жұмсалады. Ал егер келесі жылы сіз ауырып қалсаңыз – сақтандыруға қанша жинағаныңызға қарамастан, сізге де толық медициналық қызмет түрлері көрсетіледі», - деді Айдар Ситқазинов бүгін елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, ол не себепті жеке клиникалар да қаржыландырылатынын түсіндірді.

«Мұның бәрі медициналық ұйымдар арасында бәсеке болуы үшін керек. Бәсеке болған жерде жұмыс сапалы болады», - деді ол.

МӘМС жүйесіне 1 сәуірге дейін тіркелу керек

1 қаңтардан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінің жаңа жүйесі толықтай күшіне енгені белгілі.  Бұдан бұлай әрбір сақтандырылған азамат өзіне қажет ем-домын ала алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.

Ал жедел және алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қолжетімділік тегін дәрігерлік қызметтердің кепілдік берілген көлемі шегінде сақталады.

Елімізде 18 млн тұрғынның 11 миллионнан астамы мемлекет есебінен тегін емделеді. Оның ішінде елорда тұрғындарының шамамен 60%-ы мемлекет есебінен ем қабылдайды. Осы мақсатта Үкімет биыл 998 млрд теңге қаржы бөлген. Зейнеткерлер мен бірінші, екінші және үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көп балалы және бала күту демалысындағы әйелдер, студенттер сақтандыру қорына қаржы аудармайды.

«Біздің азаматтарға сәуір айына дейін әлеуметтік статусын анықтап, тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаларға тіркелуі керек. Бұл жеке кәсіпкерлер, жалдамалы қызметкерлер мен өзін өзі жұмыспен қамтығандарға да қатысты», – деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қалалық филиалының директоры Айдар Сейітқазынов.

Мәселен, соңғылары елордадағы 30 емхананың тең жартысына орнатылған арнайы терминалдар арқылы жарна төлеу мүмкіндігіне ие. «Жалпы әр мекемеде 1700 азаматқа бір жалпы тәжірибелік дәрігерден келуі керек. Кері жағдайда медициналық қызмет сапасы төмендейтіні түсінікті», дейді маман.

«Азаматтардың өзіне қолайлы медициналық мекемеге тіркелу құқығы бар. Бірақ мұндай мүмкіндік жылына тек бір рет қыркүйек пен қараша айлары аралығында беріледі», – деді Айдар Сейітқазынов.

Айта кеткен жөн, ауылдық жерлерде тұратын азаматтар тек аудандық ауруханамен шектелмейді. Күрделі дәрігерлік ем-шара қажет болса, елді мекен тұрғындары медициналық қызметті облыс немесе республикалық деңгейде де алуға құқылы.

0 пікір
Мұрағат