Вируста сана бар ма? (жалғасы)
Вируста сана бар ма? (жалғасы)
3 жыл бұрын 2683 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Басы мына сілтемеде: https://islam.kz/kk/news/gylym/virusta-sana-bar-ma-14375/#gsc.tab=0

2. Сана және материя

Сонымен тірі организм еместер санаға ие бола ала ма? Математикалық модел мұндай мүмкіндікті жоққа шығармайды. Бұл арада Джулио Тонони есімді италиялық нейробиолог ойлап тапқан интеграцияланған ақпарат теориясы турасында сөз болып отыр. Бұл теория бойынша сана өлшеудің арнайы бірлігі - φ (фи)-мен анықталатын сан мен сапаның арақатынасы ретінде қарастырылған. Мұның мәнісі – мүлдем санасыз материя (0 φ) мен саналы адам миы (максимум φ) арасында өтпелі күйлердің өсу қатары созылып жатыр. Осы арада ең төменгі деңгей (φ) ақпаратты қабылдауға, өңдеуге, генерациялауға қабілетсіз кез келген затта болатынын айта кету керек. Мысалы, термометр немесе светодиод секілді бұйымдарды айтуға болады. Олар ақпаратты  температура мен жарыққа айналдыра алатындықтан олар үшін «ақпараттану» да масса немесе заряд секілді бөлшек болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде вирустар көптеген жансыз заттардан артық, өйткені, оның өзі генетикалық ақпаратқа ие. Сана – ақпаратты өңдеудің ең жоғарғы деңгейі. Жоғарыда аты аталған италиялық ғалым мұны интеграция деп атаған екен. Яғни, біріктірілген, бір-біріне кіріктірілген ақпарат. Интеграцияланған ақпарат – жинақталған мәліметтерден сапасы жағынан артық нәрсе. Яғни, қандай да бір заттың немесе бұйымның жекелеген сипаты мен сапасын, мәселен, пішіні мен бояуын ғана аңдатып қоймайды, сонымен қатар, олардан айналасына жарық шашқан шамға айналдыра алатын субстанция. Әдетте мұндай интеграцияға тек биологиялық организмдер қабілетті деп саналады. Әдетте вирустар жылжуы үшін сілекей және өзге де физиологиялық секрециялар арқылы тасымалдаушыдан тасымалдаушыға ауысуына тура келеді. Соған қарамастан φ деңгейін көтеру мүмкіндігі оларда жоғары – ұрпақ алмасуы тез жүрсе де. Тірі жасушаға тап болған вирус сағатына 10 мыңға дейін өзінің генетикалық көшірмесін штамдай алады. Әлбетте, сана деңгейіне дейін ақпаратты интеграциялау үшін аса күрделі жүйе керек. Бұл орайда вирусты қаншалықты күрделі жүйе деп атай аламыз? Мұны бүгінгі пандемияға «кінәлі», күллі әлемді жайлап, жолындағысын жайпап бара жатқан жұқпалы індетке себепкер болып отырған тәжді тажалдың жаңа буыны SARS-CoV-2 мысалымен түсіндіріп көрелік. Пішіні теңіздегі қалқымалы минаға немесе тікенді шарға ұқсайды, сырты липидтің өзіндік ерекшелігі бар қабықшадан тұрады. Бұл қабықша механикалық, химиялық немесе физикалық зақымданудан қорғайтын май мен май тәрізді заттардан тұрады. Тәжді тажал деп аталуына себепкер болған қабықшасындағы үшкір «бұтақтар» - S-ақуызының көмегімен вирус жасушаға енеді. Қабықша астында РНҚ молекулалары орналасқан: 29 903 нуклеотидтен тұратын қысқа тізбек. (Салыстыру үшін алсақ, біздің ДНҚ-де үш млрд-тан асады). Байқасаңыздар, құрылымы әдеттегідей қарапайым. Десе де вирусқа аса күрделі конструкция да керек емес. Бастысы – күрделі жүйенің маңызды компоненті (құрамдас бөлігіне айналу) болу. Филип Бушар есімді ғылыми тақырыпта жазбаларымен көзге түсіп жүрген блогер вирустарды кішкентай қайықпен үлкен танкерді басып алған сомалилік теңіз қарақшыларына теңепті. Шындап келгенде, вирус архиватормен барынша ықшамдалған жеңіл компьютерлік бағдарламаға ұқсайды. Вирусқа өзі жаулап алған жасушаны басқарудың тұтас алгоритмі керек емес. Жасушаның барлық операциялық жүйесін өзіне жұмыс істеуге мәжбүрлейтін қысқа код болса, осының өзі жетіп жатыр. Бұл міндет үшін оның коды эволюция процесінде барынша оңтайланған. Жасуша ішінде вирус жүйенің ресурстық әлеуетіне қарай жанданады. Қарапайым жүйе болса, ол бөліне алады әрі алмасу процесін бақылай алады. Ал күрделі жүйеде (мысалы, оған қарсы тұратын иммундық жүйесі бар адам организімінде) ол италиялық ғалым келтірген модел бойынша саналы ғұмырға көшуі үшін ақпаратты өңдей алатын деңгейге көтерілуі шарт. Ол үшін қосымша опция іске қосуы ықтимал. Болашақта, тіпті, ойлаудың өзі қорқынышты, адамның ерік-жігерін толық жаншып басу үшін ол тура мағынасында биороботқа айналуы да ықтимал. Әзірге адамның зомбиге айналудан қорғайтын қорғаныс тетіктері бар.  

(жалғасы бар – ред.)

0 пікір
Мұрағат