Саудиялық ғалымдар шафранды он күнде өсірудің әдісін тапты
Саудиялық ғалымдар шафранды он күнде өсірудің әдісін тапты
1 ай бұрын 612 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Корол Әбдіәзіз атындағы ғылым және технология орталығының (KACST) ғалымдары 10 күн ішінде шафран өсірудің және оның гүлдерін өндірудің инновациялық әдістерін әзірлеуде толағай жетістікке жетті. Бұл жайында islam.kz порталы Saudi Press Agency ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәлірегі, саудиялық ғалымдар әлемдегі ең қымбат дәмдеуішті – шафранды бар-жоғы он күнде өсірудің тәлісін тапты. Тік егіншілік немесе диханшылық технологиясын және оңтайландырылған температуралық режимді пайдалану өз кезегінде араб мамандарына әдеттегі тәсілдермен салыстырғанда аталған өсімдікті өсіру процесін бірнеше есе жылдамдатуға мүмкіндік берді. Мұндағы бар құпия – жарықтандырудың (жарық түсірудің) ерекше жүйесінде жатыр. Аталған жүйе шафранның ерте гүлдеп, шапшаң өсуіне ммейлінше қолайлы жағдай тудырады. Бұл жаңалық өз кезегінде шафран өнімін арттырып, шығынды азайтуға мүмкіндік бермек. Осылайша жаһандық жылыну мен климат дағдарысы кезеңінде әлемдік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызы зор қадам жасалды. Соңғы 10 жылда Сауд Арабиясы жалпы құны 175 млн доллар болатын 497 тонна құрғақ шафран  импорттаған екен. Енді бұл салада өзге елдерге тәуелділігі азаятын болады. Шафран Таяу шығыс аймағында ғана өсетін, түрлі тағам өнімдері мен сабын секілді тазалық құралдарында, опа-далап өндірісінде, шипа құралдарында қолданылады. Оның нарықтағы қазіргі бағасы 372,9 млн долларға жетеді, ал 2030 жылға таман 756 млн долларға дейін өседі. Араб ғалымдарының бұл технологиясы тек шафранмен шектеліп қалмай, өзге де өсімдік түрлеріне қатысты қолданылуда. Бұл бағыттағы тәжірибе өсімдіктің түсімін немесе астықты арттырып, сапасын көтереді. Саудия азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін агротехнологияға айрықша көңіл бөліп отырған  ел. Ел экономикасын, соның ішінде ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында мемлекет қазынасынан қырауар қаржы бөлінуде.

0 пікір
Мұрағат