"Құмырадағы жынды шығарып жіберді"
"Құмырадағы жынды шығарып жіберді"
7 жыл бұрын 3810 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Канададағы Альберт университетінің ғалымдары құрып біткен жылқы шешегін тірілтті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ғалымдардың бұл әрекетіне "құмырадағы жынды шығарып жіберді" деп бағалады. Не қостағаны, не айыптағаны белгісіз бұл екіұшты бағалаудан кім не ұқты? Айналып келгенде, бұл жаңалықты елеусіз қалдыруға да болатын еді. Алайда, оның вирусы "қара шешектің жақын туысы" болып табылатынын айта кету керек. Бұл дерт 500 млн-ға тарта адамның өмірін жалмаған аса қатерлі індет екенін естеріңізге сала кеткіміз келеді. Бұл жайында Futurism ақпарат көзі хабар таратты. Канадалық мамандар оны қара шешекке қарсы инновациялық екпе жасау, сондай-ақ, ісік ауруларына қарсы күресу мақсатында осындай қадамға барғандарын жеткізді. Аталмыш жобаның жетекшісі Дэвид Эванс бұл зерттеу турасында былайша пікір білдірді: "Әлем вирусты қалпына келтіру фактісімен келісуіне тура келеді. Ендігі жерде олармен күресте қандай стратегия тіимді екенін табуымыз керек". Осылай деген ол вирусты "тірілтудің" арты қатерлі жайтқа соқтыруы мүмкін екенін де жасырмады. Алайда, қатерге қарсы күресу үшін осындай қатерлі қадамға баруға тура келетінін де ұқтырғандай болды. Тағы бір ескерте кететін жайт: мұндай вирусты террористер қолға түсірсе, одан адамдарды жаппай қырып-жоятын биологиялық қару жасауы мүмкін. Сөз орайы келгенде айта кету керек, 1979 жылы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ғаламдық екпе егу әдісі арқылы аса қорқынышты ауруды жеңгендерін ресми түрде әлемнен сүйінші сұрай отырып, жаһанға жар салып жариялаған еді. Вирустардың барлығы келісімге сай жойылған болатын. Тек екі данасы ғана АҚШ пен Ресейдің аса құпия және сенімді зертханаларында сақталып қалған болатын. 

0 пікір
Мұрағат