Кондиционердің орнына пленка: ғимаратты салқындату үшін терезе жабыны әзірленді
Кондиционердің орнына пленка: ғимаратты салқындату үшін терезе жабыны әзірленді
2 жыл бұрын 1391 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Қаптаманың сипаттамалары (A) және құрылымы (B). Оны оңтайландыру үшін машиналық оқыту мен кванттық есептеулерді (C) пайдалану (D). Сурет: Seongmin Kim және т.б., ACS Energy Letters

Кванттық есептеулерді қолданатын зерттеушілер, тіпті, бір ватт энергияны да қажет етпейтін ғимараттарды салқындату әдісін ойлап тапты. Бұл жайында islam.kz порталы pubs.acs.org ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Инженерлер күннің ультракүлгін және жақын инфрақызыл сәулелерін бөгеп, жылуды сыртқа тарататын терезе жабындарын жасап шығарды. Бұл тараптағы технология жаһандық жылыну жағдайында да энергия тұтынуды азайтуға көмектеседі. Бүгінгі  таңда энергияны әлемдік тұтыну мөлшерінің 15%-ы ғимараттарды салқындатуға кетеді. Бұл мәлімет Америка химия қоғамының мерзімді басылымында келтірілген. Климат өзгерісі жазғы аптап ыстықты күшейте бермек, соған орай энергия тұтыну көрсеткіші де арта береді. Бұған жол бермеу үшін ғалымдар композиттік жабындыны ойлап тапты. Ол бөлменің ысып кетуіне жол бермей, қажетсіз сәулеленуді бұғаттап қана қоймайды, сонымен бірге, терезе бетінен жылуды атмосфера арқылы ғарыш кеңістігіне өтетін толқын ұзындығында шығарады. Бұған қоса, жабындының өзі көрінетін жарықты өткізеді және көрініске кедергі келтірмейді, яғни, сыртқы көріністі көлегейлемейді. Мұндай жабындыны жасау үшін ғалымдар кремний диоксиді, кремний нитриді, алюминий оксиді немесе титан диоксиді сияқты әдеттегі материалдардың ауыспалы жұқа қабаттарынан тұратын, полидиметилсилоксан пленкасымен қапталған шыны негізде әртүрлі материалдардың үлгілерін жасады. Олар қабаттардың оңтайлы түрін, тәртібін және комбинациясын жылдам табу үшін машиналық оқыту мен кванттық есептеулерді пайдаланды. Зерттеушілер ыстық әрі ауасы құрғақ қалаларда жабынның кәдімгі терезелермен салыстырғанда салқындату энергиясын тұтынуды 31%-ға төмендетуі мүмкін екенін атап өтті.

0 пікір
Мұрағат