Ауыртпайтын укол: микроине технологиясы масадан алынған (фото+видео)
Ауыртпайтын укол: микроине технологиясы масадан алынған (фото+видео)
6 жыл бұрын 4637 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Балалар тұрмақ, ересектердің кейбіреуі әлі күнге укол салдырудан қорқады. Қорықпаса да іштей қобалжиды. Теріңе ине сұққанда сезінетін ауырсынуды кім жақтыра қойсын. Осыны ескерген Огайо университетінің ғалымдары жаңа ине ойлап тапты. Алғашында медицина инженерлері масаның тұмсығы мен осынау адамды жиі шағатын жәндіктерге қатысты энтомологтардың еңбегін зерделеуге тура келген. Зерттеу обьектісі ретінде Солтүстік Америка құрлығында кеңінен тараған Aedes vexan маса түрін таңдап алды. Осы бағытта зерттеу жұмысын жүргізіп жатқан топтың жетекшісі Бхарат Бхушан (Bharat Bhushan) ғылымдағы жаңалықтардың дені табиғаттың өзінен алынғанын айта келіп, бұл жолы да табиғатқа жүгінуді жөн көргендерін жеткізді. Ауыртпайтын уколды ойлап табу үшін мамандар масаға қарап, оның төрт құпиясын ашты: біріншісі – «тұмсықтың» үстінде орналасқан, көзге шалына бермейтін титтей кетік. Бұл теріге тұмсығын оңай тығуға мүмкіндік бермек. Екіншісі – маса тұмсығының қатты және жұмсақ бөліктерден тұратынында. Белгілі болғандай, ұшы және сыртқы жағы жағы жұмсақ болып келеді де негізі қатты. Ал тағы екі құпиясына келсек, шаққан кезде сұғу күші (әдеттегі укол салғандағы сұғу күшінен үш есе кем) және жансыздандыру. Яғни, маса инесін теріге сұққан кезде оның тұмсығы аздап дірілдейді, бұл өз кезегінде сұғу күшін азайтуға көмектеседі. Ал тұмсығын қойған кезде бірден терінің астына сәл жансыздандыратын құрамында ақуызы бар сілекейін жібереді. Бұл да ауыртпай, яғни, байқатпай шағуға көмектеседі. Сөз орайы келгенде айта кету керек, сілекейінің күші бірнеше күннен кейін жойылады. Бұл жайындағы зерттеу мақала Journal of the Mechanical Behavior of Biomedical Materials мерзімді басылымында жарық көрді.

 

0 пікір
Мұрағат