|
Араб елінің ғылыми жетістігі
|
Әбу-Дабидың діңгекті жасушалар орталығы (ADSCC) ғылыми жетістіктерін жария етті: араб ғалымдары пациенттің өз жасушаларынан мидың діңгекті жасушасын алудың әдісін тапқан. Бұл жайында islam.kz порталы WAM ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы күллі Таяу Шығыс аймағы бойынша алғашқы қала атанды - неврологиялық ауруларды емдеумен айналысатын әлемдегі санаулы институттар қатарына кірді. Араб технологиясы негізіндегі процесс терінің немесе қанның шағын үлгісін алудан басталады. Араб ғалымдары бұл тарапта алдыңғы қатарлы вируссыз технологиялардың көмегімен жасушаларды дамудың бастапқы сатысына немесе ерте кезеңіне (плюрипотенттілік) кез келген тінге айналуға қабілетті болғанда қайтаратын тәсілді ойлап тапты. Содан кейін қатаң пысықталған хаттамалар бойынша оларды нейрондық жасушаларға жібереді, олар келешекте тіндердің зақымданған жерлерін қалпына келтіруі мүмкін. Милан Бикокка университетінің профессоры және ADSCC аға ғылыми қызметкері Анжело Л. Вескови аталмыш технологияны регенеративті медицинаның келешегі зор бағыттарының бірі, деп атады. «Пациенттің жеке жасушаларын пайдалану әдісі зақымдалған миды емдеудің жаңа мүмкіндіктерін ашады», - деп мәлімдеді артынша. Арабтардың бұл бірегей технологиясы Паркинсон, Альцгеймер және жұлын жарақаттары кезінде қолданылуы мүмкін. Негізгі артықшылық - жасушалар пациенттің өзінен алынатындықтан организм жатырқамайды, дәлірегі, бөгде донордан организм жатырқағанда орын алатын иммундық қабыну қаупін және ұзақ иммуносупрессия қажеттілігін төмендетеді. Фабио Мирабина есімді ғалым қайта бағдарламалаудың вируссыз әдістері микробиологиялық қауіпсіздік пен клиникалық қолдану үшін өте маңызды екенін атап өтті. Мұндай жетістікке БАӘ ғалымдары аталған елдің регенеративті медицинаға жете көңіл бөлуінен, дәлірегі, стратегиялық инвестиция саясатын қалыптастырудың арқасында жетіп отыр.