Әлемде алғаш рет бүйрек жасушалары қалпына келді
Әлемде алғаш рет бүйрек жасушалары қалпына келді
1 жыл бұрын 970 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Кескін: European Bioinformatics Institute

Дьюк медициналық мектебінің, Сингапур Ұлттық жүрек орталығының (NHCS) және Германияның ғалымдары әлемде алғаш рет бүйрек жасушаларын қалпына келтірді. Бұл жайында islam.kz порталы клиникалық кезеңге дейінгі зертеу нәтижесі жарияланған Nature Communications мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғалымдар бауырда, өкпеде және жүректе, сондай-ақ, жедел және созылмалы бүйрек ауруларында тыртықтың пайда болуына ықпал ететін интерлейкин-11 (ИЛ-11) ақуызына назар аударған екен. Зерттеушілер бұл ақуыздың бүйрек зақымданған кезде молекулярлық процестер тізбегін қоздырып, қабынуға, фиброзға және аталмыш ағза қызметінің бұзылуына әкелетінін анықтады. Алайда, бұл процесс IL-11-мен байланысатын антиденені енгізу арқылы бітеліп қалса, бүйрек түтікшелерінің жасушаларының пролиферациясы (тіндердің өсуі) жүреді, сондай-ақ, қабынуды жояды, бұл жайт бүйректің сау қалпына келуіне ықпал етеді. Ғалымдар бұл жаңалық өз кезегінде созылмалы бүйрек ауруларын емдеудің қолданыстағы әдістерін қайта қарап, тағы бір мәрте сүзгіден өткізуге мәжбүр ететінін алға тартып отыр. Осы жаңалыққа сабақтас тағы бір зерттеу материалы Nature Neuroscience мерзімді басылымында жарық көргенін айта кету керек: неміс ғалымдары жасушаны қалпына келтірудің молекулалық жолдарын зерделеген екен. Мұндай зерттеу жасуша мутацияларымен немесе зақымдалуымен байланысты көптеген патологияларды емдеудің тиімді әдістерін әзірлеуде жасуша регенерациясына қатысатын нейрондық процестерді түсіну үшін қажет. Дәлірегі, негізгі мақсаты микроглия (орталық жүйке жүйесінің глиалды жасушаларының қосалқы түрі) белсенділігін реттеуге жауапты нейрондық жолдарды анықтауға саяды. Бұл тарапта жолақты балықтарға жүргізілген тәжірибе нәтижесінде микроглияның (жүйкелік жасушалар) зақымданудан кейін ми регенерациясын (қалпына келуін) тежейтін немесе болдыртпайтын РНҚ-байланыстырушы TDP-43 ақуызы мен липидті түйіндерді жинайтынын анықтады. Ғалымдар бұл жайттың қалпына келу процесіне кедергі келтіруі мүмкін екенін алға тартып отыр. Бұл гипотезаны растау үшін ғалымдар балықтың миын манипуляциялауды көздейтін тәжірибе жүргізді, нәтижесінде шамадан тыс микроглиалды белсенділіктің түрлі ұзақтығына және TDP-43 ақуызының жинақталуына қол жеткізуге мүмкіндік берген. Жасушаның өсуі мен тіршілігін реттейтін гранулин ақуызы артық липидті тамшылар мен TDP-43 ақуызын кетіруге көмектесетіні белгілі болды. Осы экспозицияның нәтижесінде микроглия бастапқы күйіне оралды, ал жолақты балықтың зақымдалған тіндері тыртықсыз қалпына келтірілді. Бұдан ары адам тіндеріне сынақтар жүргізу жоспарлануда.

0 пікір
Мұрағат