Адамның майын адамның сүйегіне айналдыратын тәсіл (видеосы орысша)
Адамның майын адамның сүйегіне айналдыратын тәсіл (видеосы орысша)
5 жыл бұрын 3219 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Израил ғалымдары әлемде тұңғыш рет ортопедияда революция ретінде бағаланған тәсілді қолданып көрді. Олар науқастың майынан сүйек жасушасын қалыптастыра білді. Израилдік ғалымдардың бұл тәсілі сынақтан сәтті өтті, енді көп ұзамай медицинада кеңінен қолданыла бастайды. Профессор Розеннің пациенті жол-көлік апатына тап болып, сынған тізесіне штифт қойып, дәкемен таңып тастайды. Алайда, сүйекте 5 сантиметрге жететін үлкен тесік пайда болады. Мұндай жағдайда дәрігерлер науқастың жамбас сүйегінен сүйекті кесіп алып, оны ұсақтап, ұнтақтап, сүйек бітпей қалған жерді "жамайды". Бұл науқастың тәніне батып, жанын қинайтын әрі оташының көп уақытын алатын, сүйек болып бітіп, жазылғанша көп уақыт пен еңбекті қажет ететін мехнат еді. Алайда, израилдік ғалымдар бұған басқаша жолмен келді. "Бұл ортопедиядағы нағыз революция. Біз пациенттің қарын майынан алып, оны биореакторда екі апта ұстап, сүйек жасушасына айналдырдық әрі сынған жерге енгіздік",- деді "Ха-Емек" емханасының ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Нимрод Розен. Әлбетте, науқасқа бұл тәсілді қолданып көрмес бұрын алдымен тышқанға тәжірибе жүргізілгенін айта кету керек. Майдан өсірілген сүйек ағзаны жатсынбай, қан тамырларымен өсіп, тез сіңісіп кетті. Бұл ерекше технологияны адамға алғаш рет жақ сүйек хирургтері қолданып көрген болатын. Өйткені, бас сүйегіне зақым келгенде оған донор жасуша табу оңай емес. "Революция! Ендігі жерде біз пациенттің майын сүйек жасушасына айналдырып, зақымдалған жерге қолданамыз. Бірнеше сағаттан соң бұл биологиялық сүйекте қан тамырлары өсе бастайды. Ота 100% сәтті өтті",-деді толқи тіл қатқан жақ сүйегінің оташысы Ефраим Цур. Бұл тәсіл қолданылған науқастың дене қызуы көтерілмеген, басы айналмаған, жүйрегі айнымаған, қабыну болмаған, қысқасы, ешқандай жанама теріс әсері болған жоқ.

0 пікір
Мұрағат