Оразада шөл мен аштықтан сақтайтын 6 сусын
Оразада шөл мен аштықтан сақтайтын 6 сусын
8 жыл бұрын 4414 egemen.kz maturidi.kz

Ораза кезінде шөл мен аштықтан сақтайтын, үй жағдайында жасауға болатын кейбір сусын түрлерін  назарларыңызға ұсынамыз:

Қалмақ шайы немесе ұйғырдың «әткен шайы»

Дағыстан жерінде тұратын мұсылман әйелдер сол жақта «қалмақ шайы» атанып жүрген, біздің жақта «әткен шай» делінетін шайды сәріде ішіп алғанның пайдасы көп екенін жеткізеді. Ал шайдың құрамы шынында бай. Ол сүт пен сары май қосылып, көк шай жапырағынан дайындалады. Бұларға аздаған тұз себіледі. Осылай әзірленген сусын адамның қарнын тоқ етіп тұрады, қандағы қант құрамын жақсы реттейді, организмнің қорғаныс функциясын күшейтеді. Осы шайға жақсылап қанып алған адамның ағзасы кешке дейін шөлдің екпінін баса алады. Бұған таулы аймақ тұрғындары талай жылдардан бері көз жеткізіп келеді. 

Ұйытылған айран

Қолдан ұйытылған құнарлы айран көпке дейін қарынды да ашырмайды, шөлге де төтеп беруге көмектеседі. Себебі, оның құрамында микроэлементтер, ағуыздар мен дәруіштер көп. Айран ас қорыту жүйесінің жақсы жұмыс жасауына да жағдай жасайды. Ораза кезінде мұның маңызы да зор.

Сүт қосылған банан коктейлі

Ұсынушылардың айтуларынша, бұл — шөл мен аштықты бірден қайтаратын өте керекті сусын. Ер кісілер мен балаларға бірдей сүйікті болып табылатын балмұздақтан, сүттен, шырыннан және жемістен жасалған сусын адамға өзінің пайдалы дәруіштерімен қатар, өте жақсы көңіл күй де әкеледі. Дегенмен, сәресі үшін сусын дайындап жатқан кезде тәтті нәрсенің шөл шақыратынын ұмытпаған абзал. Сондықтан оған қойылатын сусынның құрамында ұйытылған тәтті сүт (сгущенка), тосап секілді тәтті тағамдардың болмауын қадағалау керек. Мұның орнына балмұздақ, банан, апельсин шырыны секілді сусындарды алып, салқындатып қойсаңыздар, сол сенімдеріңізді ақтайды.

Райхан шәрбаты

Бұл – өзгеше сусын. Бірақ оны ішіп көрген адам шөлді кез-келген компот пен шырынға қарағанда анағұрлым артық басатынын бірден байқайды. Ал мұндай ғажайып сусынды әзірлеу үшін бір бума базилик үстіне 1,5 литр қайнаған су құйылады да, 2 шай қасық қант қосылады. Сосын бір лимонды бірнеше тілікке бөліп салады. Осыдан кейін-ақ сусын сіздің көз алдыңызда өзінің түсін өзгертіп, жайнап сала береді. Кейін салқындаған кезінде тоңазытқышта 2-3 күн ұстауларыңыз керек.

«Шөлге қарсы күрес» коктейлі

Егер күннің ыстықтығы сынап бағанасынан 30 өлшемнен жоғары көтеріліп кететін болса, мұндай күндері сәріге тап осындай коктейль дайындағаннан артығы жоқ. Оны дайындау да оңай: стақандағы суға лимонның жарты, апельсиннің жарты шырынын сығып құйыңыз да, оған аздаған тұз қосыңыз. Сосын салқындатып алу керек. Осы қарапайым ғана компоненттер мезгілдің ең ыстық кезінің өзінде сізді аса қатты шөлдетпей ұстап тұра алады. Бірақ асқазан-ішек жолдарында сырқаты бар жандардың мұндай сусынды ішпегені дұрыс.

Бал қосылған су

Емдік қасиеті бар, ағзаны азықтандыруға үлес қосатын, жұмсақ, дәмді бұл сусынның пайдалы жақтары өте көп. Бал қосылған суды ішу Алла елшісінің суннасы. Ол үй жылылығына жақын суда ерітіліп жасалады. Оған бір қасық табиғи алма сірке суын қосу керек. Осы қарапайым сусында сәріде ішу адамды көптеген ару-сырқаудан сақтап, қосымша қуат береді. Оның ораза кезіндегі пайдасы зор болмақ.

0 пікір
Мұрағат