Банк картасындағы қаржыны алаяқтардан қалай қорғауға болады?
Банк картасындағы қаржыны алаяқтардан қалай қорғауға болады?
8 жыл бұрын 3371 7kun.kz Маржан НҮСІПБЕК

Қаражатты қолма-қол сақтаудан гөрі банк картасында сақтаған сенімдірек. Алайда, дағдарыс уақытында кез келген нәрседен ақша жасағысы келетін алаяқтардың көбейетіні тағы бар. Банк картасындағы қаражатыңызды алаяқтардан қалай қорғауға болады? Қандай әрекеттер жасаған жөн? 

Статистика бойынша алаяқтық операциялардың 68%-ы картадағы көрініп тұратын реквизиттер (нөмір, карта иесінің аты-жөні, жарамдылық мерзімі және CVV-код)арқылы болуы мүмкін. Сондықтан, картамен  төлем жасағанда немесе банкоматтан ақша алған жағдайда реквизиттерді жасырын ұстаған жөн. Сондай-ақ, онлайн-төлем жасауда банк картасын жиі пайдаланбай-ақ қосымша виртуалды карта жасап алыңыз. Бұл қаражатыңыздың қауіпсіздігі үшін тиімді тәсілдердің бірі.

Виртуалды банк картасы — бұл онлайн төлем жасауға мүмкіндік беретін реквизиттер жиынтығы. Аталған картаға қажетті соманы ғана аудару арқылы кейбір күмәнды деген интернет дүкендерден сауда жасай аласыз. Бастысы, негізгі картадағы көп сомаға зиян келмейді, яғни интернет дүкендегілер алаяқ болған күннің өзінде банк картасындағы жинағыңызға қол сұға алмайды және ондағы мәліметтер құпия болып қала береді.

Кейбір банктер виртуалды картаны қолдануға рұқсат етеді. Ондағы артық қалған қаражатты еш комиссиясыз негізгі картаға да аударып алуға болады. Ал кей банктер виртуалды картаны тек онлайн сауда үшін ғана жасап шығарады.

ПИН-кодты ешкімге көрсетпеу

ПИН-код тек екі жағдайда ғана  — банкоматтан ақша алған кезде және дүкеннен карта арқылы сауда жасалғанда сұралады. Ал басқа жағдайдв ПИН-кодты ешкімге көрсетудің қажеті жоқ. Құпия сандарды SMS немесе E-mail-мен біреуге жіберуді мүлде ойламаңыз да.

Картадағы ақшаны шешіп алуда банк ғимаратында орналасқан банкоматтарды пайдаланған жөн. Себебі, көшедегі банкоматтарда карта мәліметтерін басып алатын құрылғы орналастырылған болуы мүмкін әрі мұнда халықтың қарасы көп болатыны анық. Ондай жерлерде айласын іске асыратын алаяқтардың да жүруі ғажап емес.

Сондай-ақ, картаны банкоматқа салар алдында пернетақтада немесе картаға арналған ұяшықта ешқандай қосымша деректер жоқ екеніне көз жеткізіңіз. Күдікті болса тәуекелге барудың қажеті жоқ. PIN-кодты  енгізген кезде қолыңызбен пернетақтаны жабыңыз және бөгде адамнан көмек сұрамаңыз.

Саяхатқа қосымша картамен шығыңыз

Жаз шыға сала барлығымыз демалыс алып саяхаттауға кірісеміз. Осындай кезде ішінде қаражаты бар қосымша картаны иемденген жөн. Себебі, кез келген уақытта қиындықтар тап келуі мүмкін. Басқа елде болсаңыз әмияныңызды ұрлатып не банкомат банк картасын жұтып қоятын сәттер жиі кезедеседі. Мұндай кезде достарыңыздан көмек сұрайсыз, банкке хабарласып картаңызды бұғаттатып, уақыт жоғалтасыз. Қалтаңыз да жұқара бастайды. Әрине, мұның бәрі жай ғана болжам. Дегенмен, қосымша картаның болуы өзіңізге әрқашан сенімді болуға мүмкіндік береді.

Қосымша карта — бұл сіздің бастапқы картаңыздың клоны сияқты, тек оның өз нөмірі мен PIN коды бар. Егер сіз ақшаны қосымша карталар арқылы жұмсасаңыз, қаржы сіздің тұрақты шотыңыздан шегеріледі.

Қосымша картаның да рөлі виртуалды карта сияқты. Яғни, негізгі картадағы реквизиттер сақталады. Оны сенімді жерде қалдырып, қосымша картамен жүре бересіз.

Лимиттер немесе шектеулер

Кейбір банктерде картадағы ақшаны қолма-қол ақшаны шешіп алуға байланысты айлық лимит қойдыруға болады. Бұл қаражаттың артық жұмсалуынан және алаяқтардың сіздің ақшаңызды пайдаланып кетуінен сақтайды. Лимит болған жерде өзіңіз жоспарлаған сомадан артық қаржы жұмсалмайды және ақшаңыз еш кедергісіз жинақтала береді.

Қауіпсіздік үшін банк картасындағы ақшаға ең минималды лимитті қойған жөн. Мысалы, ақшаны бір рет шешіп алудағы минималды лимит 2000 теңге деп ескерсек, алаяқтар бұдан артық қаражат ала алмайды. Ал картаны екінші рет пайдаланғанға дейін оны бұғаттап үлгересіз.

SMS-хабарламаны орнату

Телефон нөміріңізге SMS-хабарламаны орнатыңыз. Бұл сіздің банк шотыңызды сақтауға көмектеседі. SMS-хабарламадан сіздің картаңыз арқылы заңсыз операция жүзеге асырылғанын біле аласыз және уақытында қауіпсіздік шарасын жүзеге асыра аласыз.

Сондай-ақ, мобильді телефоныңызға карта берілген банктің call-орталығының нөмірін жазып алыңыз. Бұл картаңыздағы ақшаға алаяқтар қол сұққан жағдайда дереу әрекет етуге көмектеседі.

Қазіргі кездегі алаяқтық түрлері

Қржы саласындағы отандық өкілдердің мәліметінше, қиын экономикалық жағдайда пайда болған алаяқтық түрлерін төмендегідей жіктеуге болады:

  • Әлеуметтік инженерия — техникалық құралдарды пайдаланбай-ақ ақпаратты сақтау жүйелеріне рұқсатсыз қол жеткізу әдісі. Бұл әдіс тек адам факторы арқылы жүзеге асырылады. Зиянкестер банк қызметкерінің немесе белгілі бір ұйым атын жамылып, кәдімгі телефон қоңырауын пайдалана отырып жеке карточка деректеріне оңай қол жеткізеді;
  • Скимминг — банк картасына байланысты алаяқтықтың бір түрі. Мұнда қара ниеттілер түрлі құрылғыларды пайдаланып, картаның магниттік жолағындағы қамтылған ақпараттқа қол жеткізуге тырысады;
  • Фишинг — алаяқ карта иесіне банк қызметкері ретінде қоңырау шалып, төлем картасына қатысты құпия ақпаратты (карта нөмірі, cvv-код, пин-код) айтуды сұрайды. Осы арқылы зиянкестер «сенгіш адамның» банк картасын дағы қаражатты жымқыруды көздейді.
0 пікір
Мұрағат