Әлеуметтік желідегі ақпаратты қалай тексеруге болады?
Әлеуметтік желідегі ақпаратты қалай тексеруге болады?
8 жыл бұрын 3801 7kun.kz Ақсәуле ӘБІТАЙ

Кез-келген апатты жағдайдың арты қоғамда пайда болатын дүрбелеңге ұласатыны анық. Ресми ақпарат таратуға тырысып жатқан журналистермен қоса «азаматтық журналистика» өкілдері де ақпарат тасқынының шиеленісе түсуіне үлес қосуды міндет деп санайды. Осындай ашық дереккөздермен жұмыс істегенде журналист қандай ережелерді есте сақтауы қажеттігі туралы нұсқаулықты назарларыңызға ұсынамыз.

Ең бірінші сізге келген контентті тексеру жоспары қажет:

  • Контентті тексеру жоспарын алдын-ала құрып алыңыз
  • Әрбір фактті тексеру жолы әртүрлі болуы мүмкін.
  • Дереккөзді де және ол ұсынған контентті де тексеріңіз.
  • Тексерусіз дереккөздерге сенбеңіздер, тіпті ол оқиға куәгері, зардап шегуші болса да. Эмоция араласқан жерде обьективтілік жоғалады. Олардың нашар есте сақтау қабілеті сізді басқа бағытқа бұруы мүмкін.

Бірінші кезекте назар аударыңыз:

  • өзге вебсайттарға сілтеме жасаған вебсайттарға
  • оқиға орнына
  • контентті жіберген автордың осыған дейінгі суреттері мен видеосына
  • осыған дейінгі хабарламалары мен твиттеріне
  • оның жазылушыларына

Назарда ұстау керек басты нәрсенің бірі — шынайылыққа барынша қолжеткізу үшін дереккөздің контактілерін анықтап, бірден байланысу қажет. Шынайы дереккөздің әлеуметтік желідегі ақпараты да толыққанды болады

Сізге келген контентті тексеру үшін қандай детальға мән беру қажет?

Оқиғаның мерзімін анықтау:

  • YouTube-та Pacific Standard Time форматында жүктелген уақыты мен сағатына назар салу қажет. Кейде видео оқиға орын алғанға дейін салынуы мүмкін.
  • Ауа-райы туралы мәлімет. www.wolframalpha.com сайтына «what was the weather in /орын/ /күні/» деген өтініш енгізу арқылы оқиға болған жердің температурасы, бұлттылығы, ауа-райының өзгеруі туралы мәліметті біле аласыз. Осы арқылы видеодағы ауа-райымен салыстыруға болады.

Оқиғаның мекен-жайын анықтау

  • Твит арқылы хабарлама келген болса, оның гоеметкалары бар ма?
  • Сізге (шіркеу, мешіт, басқа да белгі) көрнекі орындар қаншалықты көрініп тұр?
  • Google-ден ол орынның қандай көшеде екендігі анықтала ма?

Әрбір цифрлы фотодан ақпарат білуге болады. Google ұсынған арнайы құралдар арқылы суреттегі оқиға орнын, уақытын, фотоаппарат типін анықтауға болады.

Видеоны анықтау

  • Видеоны жүктеген аккаунт қаншалықты таныс?
  • Аккаунт иесі осыған дейін өзін сенімді дереккөз ретінде көрсете білді?
  • Аккаунт қайда тіркелген?
  • Аккаунт тарихына қарасақ, контентті жүктеген адам қай жерде?
  • Видео ескірген бе?
  • Жүктеген адам  видеоны «тазартқан ба» не түпнұсқа контент жүктелген бе?
  • Барлық видео бір сапада ма?
  • Видеоға сипаттамада .avi немесе .mp4 форматы бар ма?
  • Видео сипаттамасында «YouTube арқылы жүктелген» деген жазу бар ма? Егер болса, видео смартфонмен жүктелген болуы мүмкін.
  • Видеоның коды бойынша Twitter немесе Facebook-тен іздеп, басқа ақпараттар қарап көріңіз.

ВВС ақпарат шынайылығын қалай тексереді?

Сильвия Костело, ВВС-дің тұтыну бөлімі контентінің журналисті: «Егер сізге біреу қандай-да бір видеоматериал жіберсе, міндетті түрде оны тексеру қажет. Оның шынайы видеотүсірілім екендігі анықталғанға дейін көптеген сұрақ қойылуы тиіс. Сізбен байланысып тұрған адамның шын мәнінде оқиға орнында болатындығына сенімді болыңыз. Бұл өте маңызды. Егер сізге фото жіберсе, суреттегі мекен-жайды Google картасынан қарап, мета мәліметтерін салыстыруға болады. Барлығы үшін универсалды әдіс жоқ, бірақ егер сіз осындай бірнеше тексерулер жасап, олардың нәтижесі дұрыс болса, қолыңыздағы материалдың шынайы екендігіне сенімді болуға болады.

Алекс Маррей, ВВС-дің тұтыну контенті бөлімінің журналисі: Біз дәлелденбеген ақпаратпен жиі жұмыс істеуге мәжбүр боламыз. Мысалы, 2012 жылы апатқа ұшыраған Costa Concordia лайнеріне қатысты оқиға кезінде де жалған ақпаратпен кездестік. Бізге 2008 жылы Жаңа Зеландия жағалауында апатқа ұшыраған лайнердің видеосын жіберген. Оны салған қолданушы «Бұл Costa Concordia лайнері қисайып, апатқа ұшырағанға дейінгі видеосы» деген еді. Сондай-ақ бізге бортта болдық деген жолаушылардан электронды хаттар да келіп түсіп жатты.  Бірақ кейінірек оның барлығы жаңсақ мәліметі екендігі анықталды. Бірінші кезекте маған лайнер қисайған кезде бір жақтан екінші жаққа теңселіп жүрген адамдардың видеосы күдік туғызды. Бұл құбылыс бізде бар куәгерлердің айтқан сөзімен тең келмейтін еді. Сол кезде мен дауылға тап болған корабльдердің видеосын іздей бастадым.  Бірден қолданушы жіберген «Costa Concordia» лайнерінің видеосы деген видеоға тап болдым. Ол видео қолданушы айтқандай  2012 жылы емес 2008 жылы түсірілген екен.

Материалыңыздың шынайылығын тексеру кезінде барлық деталь маңызды. Мысалы, «Ол жерде ауа-райы қандай?» деп сұрай салыңыз. Егер ол сізге «күн ашық» деп, ал интернетте «жаңбыр» деп жазулы тұрса, бірден күдік пайда болады. Бұл — бірінші қадам. Ол қай жерде, айналасында не бар, көшенің атауы қандай деген сияқты сұрақтардың жауабы да өте маңызды. Бұл өте оңай тексерілетін ақпараттар.

Ақпаратты тексеру — ең міндетті, ең маңызды жұмыс, көп жағдайда ол кадр сыртында қалады. Біздің басты жетістігіміз — «ВВС қателік жіберді» деп ешкімнің айта алмайтындығында.

0 пікір
Мұрағат