Түйе шаштаразы (фото+видео)
Түйе шаштаразы (фото+видео)
2 жыл бұрын 2553 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Төрт түліктің төресі, шөл кемесі деп әспеттелетін, мұсылман елдері жайлаған аумақта (Араб түбегі, Африка құрлығының солтүстік өңірі, Орта Азия мен Оңтүстік Азия аймағы) тіршілік ететін аптап ыстыққа төзімді түйе орташа есеппен 250 келіге дейінгі жүкті алып жүре алады. Бұл жайында islam.kz порталы islamosfera ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Түйе Пайғамбарлар падишасы – Мұхаммед Мұстафа (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) мінген көлік ретінде дәріптеледі. Түйенің шуда жүні мен еті, сүті (шұбаты) шипалы саналады. Десе де түйенің мұслман елдеріндегі, әсіресе, Арабстандағы, Пәкістандағы және Үндістандағы эстетикалық мәртебесі барын да айта кетпеске болмайды. Түйені күтіп, бабын тауып, көркемдеп қырқу әрекетінен байқайсыз. Осыған маманданған, яғни, машықтанған адамдарды «түйе шаштаразы» деп атайды. Мәселен, Үндістанның солтүстік-батысында орын тепкен Ражастан штаты аумағындағы Тар шөлінде өтетін аса ірі түйе фестиваліне тек сәнделген түйелер жіберіледі. Ал көрші Пәкістанда түйе шаштараздары қасиетті Құрбан айт жақындағанда жаратылысы сырға толы түлікті сәндеуге кіріседі. Сатып алушылар да осылайша сәнделген түйелерді таңдап жатады. Кейбір отбасында түйені сәндеу ұрпақтан ұрпаққа көшкен оралғы ретінде алға шығады. Десе де түйені сәндеп қырқу машақаты көп тірлік, түйенің тұрқына қарай орташа есеппен алғанда бір жағының өзін сәндеуге төрт сағат уақыт кетеді.

0 пікір
Мұрағат