Жылдар бойы бір орнында тапжылмайтын жануар (видео)
Жылдар бойы бір орнында тапжылмайтын жануар (видео)
4 жыл бұрын 3730 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

«Еуропалық протей» (лат. Proteus anguinus) деп аталатын құйрықты амфибияның сирек кездесетін түрі биологтардың назарын өзіне аударып отыр. Бұл жаратылыс иесі Балқан түбегінің батыс бөлігін мекендейді. Тас қараңғыда, суық үңгірлерде (жылуы ары кетсе +10 ºC-тан аспайтын) тіршілік ететін аталмыш жануардың көру қабілеті нашар, есесіне жарықты терісімен сезеді. Оның терісінің түсіне байланысты «Адам балық» (človeška ribica) атап кеткен. Еуропалық протейдің дене тұрқысының ұзындығы шамамен 30 сантиметрге жетеді, ал салмағы 20 грамнан аспайды. Протейді хайуанаттар бағы мен туристерге сату үшін жаппай аулау салдарынан жабайы табиғатта олардың қарасы күрт кеміп кеткен болатын. Мамандардың есебінше, олардың саны бүгінгі таңда 4000-нан аспайды. Соған байланысты оларды аулауға қатаң тыйым салынып, қорғауға алынған. Протейлердің арасында 69 жыл ғұмыр сүретіндер де, тіпті, бір ғасыр жасайтындары да бар. Олар ұлулармен, жауын құрттарымен, т.б. жәндіктермен қоректенеді. Десе де олар айлап, тіпті, жылдап нәр татпай тіршілік ете алады. Жер бетінен есептегенде 100 метр тереңдікте тіршілік ететіндер де кездеседі. Будапешт ғалымдары Босния және Герцеговинаның су үңгірлерін мекен ететіндерден 20 ересек протейді қадағалау үшін датчиктер бекітіп, оларды табаны күректей сегіз жыл бойы бақылаған екен. Белгілі болғандай, олар аштыққа шыдамды болып қоймай, сонымен қатар, қимылсыз-қозғалыссыз сегіз жыл ішінде орта есеппен алғанда олардың біреуі 10 метрге ғана жылжыған. Ал біреуі 2569 күнде - аттай жеті жыл бойы бір орнынан тапжылмаған. Олар тек шағылысу кезінде ғана қозғалады. Ад шағылысу кезі шамамен 12 жылда бір келеді. Олар жемін аулау үшін жортпайды, үңгірге енген жәндікті қорек етеді. Сол жеткілікті айлап жатуға. Proteidae  тобы кем дегенде 124 млн жыл бұрын пайда болған. Венгерлік ғалымдардың айтуынша, бұл үңгірдің экологиялық жүйесінің бір бөлігін құрайтын аталмыш жануарларды зерттеудің алғашқысы – табиғи тіршілік ету ортасында жүргізілген. Ал жасырынып тіршілік ететін протейді қамап ұстап, өз ортасынан аулақ жерде зерттеу еш нәтиже бермейтінін алға тартып отыр.

0 пікір
Мұрағат