|
Балалық шақтағы жалғыздық кейін алжу қатерін 40%-ға арттырады
|
Бұл тараптағы зерттеу нәтижесі балалық шақтағы жалғыздықтың қартайғанда алжу қатерін 40%-дан аса, дәлірегі, 41 пайызға арттыратын болып шықты. Бұл жайында islam.kz порталы *JAMA Network Open* халықаралық академиялық мерзімді басылымға сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қытайдың Бейжің қаласындағы Capital Medical University зерттеу тобы 17 жасқа дейінгі жалғыздық пен деменция дерті және қарттарға тән когнитивтік қабілеттің төмендеу қаупі арасындағы байланысты қадағалайтын ұзақ мерзімді зерттеу нәтижелерін жариялады. Табаны күректей жеті жыл бойы жүргізілген зерттеуге 13 592 қарт адам (орташа жасы 58,3 жас) тартылған. Ғалымдар «жалғыздық» тобына 565 адамды (4,2%) жатқызды, олар 17 жасқа дейін «жиі жалғыздық сезімі» және «жақын достарының жоқтығы» туралы хабарлаған. Тағы 6 525 адам (48%) «ықтимал жалғыздық» тобына жатқызылды. Бұдан бөлек, бұл тараптағы зерттеу үшінші топты қамтыды: жалғыздық сезінбегендер («жалғыздық сезінбеген»). Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, «жалғыздық» тобы «жалғыздықты сезінбегендермен” салыстырғанда орта және егде жаста деменция қаупі 41% -ға жоғары болған. «Жалғыздық» тобында да, «жалғыздықты қатты сезінгендер» тобында да когнитивті қабілеттің төмендеу көрсеткіші жыл сайын 0,02-0,03 SD (стандартты ауытқу) төмендеген - «жалғыздықты сезінбегендер» тобына қарағанда едәуір жылдам. Осындай қатерге байланысты ғалымдар жасөспірімдер үшін әлеуметтік өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін кеңейту, мектеп пен қоғамдық ортаны қолдау, сондай-ақ, жалғыз жүретін жасөспірімдерге бейімделген психикалық денсаулық бойынша қызметтер көрсету сияқты стратегияларды ұсынып отыр.