Түрік губернаторы қаза шығып, аза тұтқан үйде ас беруге ресми түрде тыйым салды
Түрік губернаторы қаза шығып, аза тұтқан үйде ас беруге ресми түрде тыйым салды
2 жыл бұрын 2408 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Суретте - Хамза Айдоғды

Түркияның Ақсарай провинциясының губернаторы Хамза Айдоғды марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімінің бір бөлігіне айналған ас беру дәстүріне тыйым салатын жарлық берді. Бұл жайында islam.kz порталы түріктердің www.rudaw.net/ мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Губернатордың айтуынша, мұндай ғұрып аза тұтқан қазалы үйге ауыртпалық түсіреді. Ол былай дейді: 

«Ақсарайда бір бизнесменнің анасының жаназа намазына қатыстық. Біздің дінімізде, салт-дәстүрімізде адам дүние салғаннан кейін көп күттіртпей, тезірек жуындырып, кебіндеп, одан соң жерқойнауына тапсырылу керек еді. Және де, имам-молдалар мен үлкендерден естігенім, Пайғамбарымыз мәйіт шыққан үйге тамақ жолдайтын болған. Соңғы кездерде Түркия елінде жат бір үрдіс пайда болды. Мәйіт шыққан үй келген-кеткенге ас беріп жатады.

Жаназаға келушілердің қатары бір-екеу болса ештеңе емес қой, бірақ 200-300 адам келетінін ойлайтын болсақ, олардың бәріне ас беру үшін тұрмысы нашар кісілер қарызға кіріп, тіпті кредит алып жатады.

Сондықтан да, бұндай қате үрдісті ресми қағаз жүзінде, имам-молдалармен ақылдаса келе, Ақсарай өзгелерге үлгі болсын деп, бұндай үрдісті тоқтатып отырмыз.

Жаназаға барғандағы біздің міндетіміз дұға жасап, туыстарына көңіл айту емес пе? Міндетімізді атқарғаннан кейін, ол жерден (асқа отырмай) қайтуымыз керек. Ал мәйіт шыққан үйде тойға келгендей тамақ беріледі деп күтіп отыру - үй егесін тығырыққа тіреп «ас бермесем ұят болады» деген оймен, айналасынан қарыз алып жатады, тіпті сол үшін банктен кредит алатындар бар. Бұл құптарлық іс емес»

- деп мәлімдеме жасаған губернатор, бұйрықты бұзғандарды әкімшілік айыппұл төлеу жазасы күтіп тұрғанын да айтты..

0 пікір
Мұрағат