Терроризмге қатысы бар күдіктілердің алды азаматтықтан айырыла бастады
Терроризмге қатысы бар күдіктілердің алды азаматтықтан айырыла бастады
7 жыл бұрын 2907 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Бірден айта кетейік, ХХ ғасырдың соңында жаһандық сипат алған терроризмнің қатері әлем қауымдастығының бас ауруына айналды. Осыған байланысты түрлі қатаң шаралар қолданыла бастады. Кейбір елдер лаңкестерді азаматтықтан айыруға дейін жаза қолдана бастаған болатын. Солардың бірі - Бахрейн. Аталған елде "террористік астыртын ұйым құрды, қару контрабандасымен айналысты және қару сақтады" деген айыппен 36 адам азаматтықтан айырылды. Азаматтықтан айырылғандарымен қоймай, олардың үшеуі өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Қалғандары үш жылдан бес жылға дейін абақтыға жабылды. Айта кету керек, елімізде де соңғы уақытта терроризмге қатысы бар қылмыскерлерді азаматтықтан айыру мәселесі қаралып, үкімет "Кейбір заңнамалық актілерді Конституцияға сәйкестендіру туралы" заң жобасын мақұлдаған болатын. 

"Ұсынылып отырған заң жобасының мақсаты - заңнамалық актілерді Конституцияларға өзгертулерге сәйкес келтіру. Жоба Президенттің Жарлығын орындау мақсатында әзірленді. Конституцияға сәйкес келтіру үшін жеті кодекс пен қырық алты заңға өзгерістер енгізу қажет. Қылмыстық кодекстің жиырма бір бабында азаматтықтан айыру түріндегі қосымша қылмыстық жаза көзделеді", - деп атап өтті осы заң жобасын таныстырған әділет министрі М.Бекетаев. Министрдің сөзінше, терроризм актісі, террористік топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысқаны үшін азаматтықтан айыру жазасы қарастырылған.

"ҚР  негізгі ұлттық және өмірлік маңызы бар мүдделеріне ауыр зиян тигізетін қылмыстарға он бір бапта көзделген он алты қылмыс құрамдары кірді. Мысалы, геноцид, сепаратистік әрекет, экстремистік топ құру, оған басшылық ету немесе оның әрекетіне қатысу. Азаматтықтан айыру соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі негізінде уәкілетті органдарда тіркеуге жатады", - деп атап өтті ол.

0 пікір
Мұрағат