Тәліптер әйелдердің ұлттық саябаққа баруына тыйым салды
Тәліптер әйелдердің ұлттық саябаққа баруына тыйым салды
9 ай бұрын 479 inform.kz Балнұр Қожагелді

Талибан үкіметі әйелдерге Бамиан провинциясындағы Банд-э-Амир ұлттық саябағына баруға тыйым салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC News-ке сілтеме жасап.

Ауғанстанның Ар-ұят министрінің міндетін атқарушы Мохаммад Халед Ханафи әйелдер саябақта хиджап тақпағанын айтып, дін қызметкерлері мен қауіпсіздік органдарына бұл мәселенің шешімі табылғанша оларды саябаққа кіргізуге шектеу қоюға шақырды.

Банд-э-Амир маңызды туристік орын. Ол – 2009 жылы құрылған Ауғанстандағы алғашқы ұлттық саябақ. Парк тұрғындар арасында отбасымен уақыт өткізетін танымал орын болатын.

Ауғанстанның бұрынғы парламент депутаты Мариам Сулейманхил шектеуге қатысты өлең шығарып, бұрын Twitter атауымен танымал болған Х әлеуметтік желісінде «Біз ораламыз, оған сенемін» деп жазды.

Human Rights Watch өкілі Ферешта Аббаси әйелдерге Әйел теңдігі күнінде саябаққа баруға тыйым салғанын атап өтіп, «бұл – Ауғанстан әйелдеріне көрсетілген құрметсіздік» деп жазды.

Талибанның әйелдерге кей қызмет түрлерімен айналысуға уақытша тыйым салуда тәжірибесі бар. 2022 жылдың желтоқсанында оларға мектепке баруға шектеу қойылды.

Банд-Э-Амир ұлттық саябағына баруға салынған тыйым Талибан 2021 жылдың тамызында билікке қайта келгеннен кейін әйелдерге айналысуға болмайтын қызмет түрлерінің ұзын тізімінде соңғы болып тұр.

Жақында тәліптер Ауғанстандағы шаштараздар мен сұлулық салондарын жабуды бұйырды, ал шілденің ортасында әйелдерге ұлттық университеттерге түсу үшін емтихан тапсыруға тыйым салды.

0 пікір
Мұрағат