Саяси аренда «аралға» айналған мемлекет
Саяси аренда «аралға» айналған мемлекет
6 жыл бұрын 2828 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Иран билігі халқының алдында сенімнен айырылғанын, дәлірегі, халықтың сенімін ақтай алмағанын ресми түрде мойындады. Мұндай қорытындыға келгендерін ел президенті Хасан Руханиға ұсынылған ішкі істер министрлігінің баяндамасында айтылған. Аталмыш құжатта баяндалғандай, таяуда ғана орын алған наразылық шеруіне Иран билігі мәлімдегендей, сыртқы күштердің арандату әрекеті емес, ең алдымен билікке халықтың сенімі жоғалғаны себеп болған. Баяндамада мемлекеттік құзырлы құрылымдардың халықтың талап-тілегімен санаспайтындығы асты сызылып тұрып баса айтылған екен. Мұндай жағдайда демократиялық елдерде билік басындағылар отставкіге кетіп, орнын босатып берер еді. Иран билігінің халықтың алдында емес, өзара есеп беруінде ғана мойындауына тура келген бұл фактінің астарында Иранның әу баста саяси бағытын анықтап берген діни фактордың жатқанын білесіздер. Яғни, шииттік бағыттағы Иран сүниттік араб елдерінің экспанциясынан тек тамыры тереңге кеткен тарихымен, мәдениетімен  ғана емес, сонымен қатар, саяси майданда да тойтарыс беру арқылы қорғаныс позициясында тұрған ел. Сөйтсе де бір-біріне арқа сүйейтін арабтарға ғана емес, сонымен қатар, ата-бабасы империя құрған елдің бүгінгі таңда азуын айға білеген АҚШ секілді алып державадан қаймықпай, аймақта ықпалды елге айналып отыр. Алайда, аймақтағы ықпалын сақтау Иранның иығына ауыр жүк болып артылды. Бұл үшін Иран көзсіз, тіпті, біз айтар едік, ессіз әрекетке барып отыр – ядролық бағдарлама Иранның қауіпсіздігіне ғана емес, сонымен қатар, аймақтағы жетекші елге айналуына кепілдік бермек. Бұл өз алдына бөлек әрі таңды таңға ұрып талдауға болатын тақырып болғандықтан кеңінен тоқталып жатпаймыз. Қысқасы, сыртқы саясатта жақтасатын одақтасы жоқтың қасы дерлік Иран бірыңғай сыртқы саясатпен бас қатырып жүргенде қлордаланған ішкі мәселелер түйткілге айналып, оның арты халықтың стихиялы толқуына апарып соқтырды. Етектен тартқан шаш етек әлеуметтік мәселелер алқымына пышақ болып тақалғанда ең алдымен елдің тұрмысын түзеуге септігін тигізетін қадамдарға баруына тура келеді. Сыртқы саясатта. Иран билігі қандай жүріс жасайды? Бұл тығырықтан қалай шығады? Оны алдағы уақыт көрсетеді. 

0 пікір
Мұрағат