Саудия мұнайға тәуелділікті азайтудың тағы бір қадамын жасады
Саудия мұнайға тәуелділікті азайтудың тағы бір қадамын жасады
1 жыл бұрын 991 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Фото: Ali Jarekji / Reuters

Сауд Арабиясы ел экономикасының мұнайға тәуелділігін азайту және басқа да пайдалы қазбаларды өндіруді кеңейту үшін бүкіл әлем бойынша тау-кен активтеріне инвестиция салатын компания құрады. Бұл жайында islam.kz порталы Bloomberg іскерлік ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бірегей фирманы құруға елдің ұлттық әл-ауқат қоры мен қордың 67 пайызына иелік ететін Maaden мемлекеттік тау-кен компаниясы айналысады. Аталмыш компания бастапқыда 3,2 миллиард долларға қаржыландырылады, оның 51 пайызы Maaden-ге тиесілі болмақ. Компания темір рудасына, мыс, никел және лити өндірісіне инвестиция құяды. Ол, сондай-ақ, инвестиция салатын кеніштерден шикізат жеткізу бойынша келісім-шарттар бекітуге талпыныс жасайды. Осы аптада аталған араб елінің ресми өкілдері ел аумағында құны бір триллион доллардан асатын мыс, алтын және басқа да металдардың әлі игерілмеген кен орындары бар екенін мәлімдеді. Бұл қазба байлық экономиканың басқа секторларын, атап айтқанда, туризмді, инфрақұрылымды, білім беруді және ауыр өнеркәсіпті дамыту арқылы мұнайға тәуелділікті күрт төмендетуді жоспарлайтын Сауд Арабиясының 2030-ға межеленген даму бағдарламасын жүзеге асыру үшін стратегиялық маңызға ие болады. Сөз орайы келгенде айта кету керек, бұған дейін әлемдегі ең ірі тау-кен өндіруші BHP Group компаниясының жетекшісі Майк Генри енді бір он жылдан соң әлемдік нарық пен өндірушілер мыс тапшылығына тап болатынын болжап отыр. 2020 жылдардың соңына қарай оның тапшылығының негізгі себептерінің біріне жаңғыртпалы энергия көздеріне көшудің жеделдетілуіне және өндірістің күрделілігіне байланысты туындайтын сұраныс пен ұсыныстың арасындағы теңгерімсіздігі, дәлірегі, сәйкессіздігі жатады.

0 пікір
Мұрағат