Қытайда етті тұтынудан атмосфераның ластану деңгейі 20%-ға артқан, ет өндірісінен өлгендер қарасы бір жылда 75 мың адамға жеткен
Қытайда етті тұтынудан атмосфераның ластану деңгейі 20%-ға артқан, ет өндірісінен өлгендер қарасы бір жылда 75 мың адамға жеткен
3 жыл бұрын 2006 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Фото: Tingshu Wang / Reuters

Қытай билігінің пәрменімен мамандар етті алмастыратын баламасын іздеп жатыр, бұдан бөлек, вегетариандық өнімдерге деген сұраныс артып келеді. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Қытайдың ауыл шаруашылығы министрлігінің есебіне жөн сілтеген Al Jazeera ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған ел тұрғындары мен тұтынушылары өсімдік текті ақуыздардың экологиялық түйткілді шешуге мүмкіндік береді деп есептейді. Осы орайда осы жылдың қаңтар айында Қытайдың ауыл шаруашылық министрлігінің өсімдік текті ақуызды тұңғыш рет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жол картасына енгізгенін айта кетуіміз керек. Қытай билігі осылайша ет өндірісін қысқарту арқылы атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтар мөлшерін азайтуды көздеп отыр. Осы тұста Қытай билігінің 2060 жылға дейін жаһандық жылынуға себеп болып отырған көміртектен ада мемлекетке айналуды алдына мақсат етіп қойғанын естеріңізге сала кетпекпіз. Гонконг қытай университетінің қоршаған орта ғылымының сарапшысы Амос Тайдың мынадай дерегін келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз: соңғы 30 жылда Қытайдағы ет тұтыну көрсеткіші жан басына шаққанда бес есе өскен әрі осының салдарынан атмосфераның ластану деңгейі 20 пайызға артқан. Ал бұл тарапта АҚШ сарапшылары не дейді? АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, Қытай әлем бойынша ет тұтынудан көш бастап тұрған ел. Биыл, яғни, 2022 жылы Қытай халқы 53 млн тонна доңыз етін, 10 млн тонна сиыр етін тұтынатын болады. Соған қарамастан вегетариандық өнімдерге деген сұраныс та артып келеді – биыл өсімдік текті ақуыздардан тұратын өнімдерге сұраныс деңгейі 200 пайызға артпақ. Бұған кейінгі жылдары жиі насихатталып жүрген саламатты өмір салтын ұстанушылар қарасының көбеюі себеп болып отыр. Euromonitor International ұйымының мағлұматына сәйкес 2023 жылы өсімдік текті өнімдер нарығындағы айналым Қытайда 12 млрд долларға дейін көтеріледі. Ал бұл көрсеткіш 2018 жылы 10 млрд долларға жеткен еді. Осындай тенденцияға байланысты Қытайда өсімдік текті өнімдерді өндіретін компанияларға инвестиция молынан құйылып жатыр – қаңтар айында Starfield Food Science and Technology стартапы вегетариандық бренд үшін 100 млн доллар қаржы тартқан. Бұл тізімді осылайша жалғастыра беруге болады. Дегенмен 1,4 млрд халқы бр Қытайда кедейлік қамытынан шығып, орта тапқа өткендер қарасы артып келеді. Бұл жайт өз кезегінде тұтыну деңгейін тағы арттырады. Десе де ғалымдар жыл сайын Қытайда 75 мың адамның етті тұтынудан, яғни, ет өндірісімен байланысты атмосфераның ластануынан ерте көз жұматынын алға тартып отыр. Мал көңінен қоршаған ортаға бөлінетін аммиак атмосферадағы өзге аттармен реакцияға түсіп, нәтижесінде адамға қауіпті заттар түзіледі. Тыныс алу жолдары мен жүрек-қан тамыр ауруларын қоздыратын қатты заттар турасында сөз болып отыр бұл арада.

Ұқсас материалдар:

«Атмосфераның парникті газбен ластану қарқынын тежеудің бір амалы табылды» (https://islam.kz/kk/news/gylym/atmosferanyn-parnikti-gazben-lastanu-qarqynyn-tejeudin-bir-amaly-tabyldy-16514/#gsc.tab=0);

«Ірі қара жемі үшін метанның бөлінуін азайтатын қоспа жасалды» (https://islam.kz/kk/news/arturli/iri-qara-jemi-ushin-metannyn-bolinuin-azaitatyn-qospa-jasaldy-15253/#gsc.tab=0);

«Сиыр етінің жарнамасына тыйым салынуы тиіс»...» (https://islam.kz/kk/news/alem/siyr-etinin-jarnamasyna-tyiym-salynuy-tiis-16368/#gsc.tab=0);

«Әлем бойынша жердің 30%-ы жайылым үшін пайдаланылады, барлық мал басы жойылса, атмосферадағы СO2-ы 68%-ға азаяды» (https://islam.kz/kk/news/alem/alem-boiynsha-jerdin-30-y-jaiylym-ushin-paidalanylady-barlyq-mal-basy-joiylsa-atmosferadagy-so2-y-68-ga-azayady-16362/#gsc.tab=0);

«Ірі қарадан бөлінетін зиянды қалдықтарды азайтудың тәсілі табылды» (https://islam.kz/kk/news/gylym/iri-qaradan-bolinetin-ziyandy-qaldyqtardy-azaitudyn-tasili-tabyldy-16209/#gsc.tab=0);

«Сиырдың жапа тастағаны қадағаланады...» (https://islam.kz/kk/news/alem/siyrdyn-japa-tastagany-qadagalanady-13854/#gsc.tab=0

0 пікір
Мұрағат