Қатерлі ісікті ерте емдеушілер қатары артып келеді
Қатерлі ісікті ерте емдеушілер қатары артып келеді
5 жыл бұрын 2232

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметтері бойынша әлемде жыл сайын 18,07 млн адам қатерлі ісік дерттеріне шалдығады екен. Мәселен, 2018 жылы қатерлі ісік дерттері салдарынан әлемде 9,6 млн адам көз жұмған. Бұл жайында bag.kz ақпарат көзі Алматыда өткен баспасөз мәслихатына сілтеме жасай отырып, хабарлады.

Жиын барысында әлемнің үздік онкологтары – Америка хирургтары алқасының, сондай-ақ, Хирургтардың Еуропалық ассоциациясының мүшелері қазіргі әлемде үлкен сұранысқа ие болған диагностика түрлері туралы әңгімеледі. 

Қатерлі ісіктердің жаңа өскіндері әлемдегі денсаулық пен өмір ұзақтығына төнген негізгі қауіптердің бірі болып отыр. Бұл мәселелер Қазақстан үшін де өзекті. Қатерлі ісікті зерттеудің халықаралық агенттігінің деректері бойынша өткен жылы елімізде 34 000 адамға алғаш рет қатерлі ісіктерге байланысты диагноз қойылған. 

Мамандардың айтуынша, қатерлі ісіктердің жаңа өскіндерін ерте анықтауға бағытталған зерттеулерді жүргізу – пациенттердің денсаулығы мен өмірін сақтаудың негізгі әдістерінің бірі. 

«Диагноз қоюда біз әлемдік медицинаның заманауи әдістерін пайдалануға тырысамыз. Мәселен, Стамбулдағы Anadolu емханасында бастапқы кезеңде диагноз қоюдың бірегей әдісі - СTC (Circulating Tumor Cells - ісік ұлпаларын айналмалау) пайдаланылады. Сондай-ақ, бұл әдісті «сұйық биопсия» деп те атайды. Дәстүрлі әдістермен анықтау мүмкін болмаған сәтте, ол бір тамшы қанның көмегімен қатерлі ісікті ең бастапқы даму кезеңінде анықтайды», - дейді американдық радиациялық хирургтар қоғамы диреторлар кеңесінің, Еуропа радиациалық хирургтар қоғамының (ESTRO) мүшесі, радиациялық хирургия профессоры Хале Чалар. 

Қатерлі ісіктің жаңа өскіндерінің санқилы түрлерін емдеуде дертпен тиімді күресуге мүмкіндік беретін әдістер қолданылады екен. 

«Біз заманауи құрал-жабдықтарды ағзаның зақымданған жерлерін анықтау үшін ғана емес, сондай-ақ оларды емдеу үшін де қолданамыз. Қатерлі ісіктер терапиясында біз келесі аппараттарды: радиохирургиялық «кибер-пышақ» қондырғысын, Varian Edge сәуле терапиясын, Radixact томотерапия жүйесін, Da Vinci роботтандырылған хирургиялық жүйесін пайдаланамыз», - дейді Anadolu емханасы сүт безі дерттерін зерттеу орталығының басшысы, профессор Метин Чакмакчи.

Маманның айтуынша, роботтандырылған «кибер-пышақ» қондырғысы аса үлкен емес ісіктерді ота жасамай емдейді. Ол тек зақымданған ұлпаларға сәуле түсіреді. 

«Барлық қажетті терапевтік ем-шаралардан кейін пациентке паллиативтік медициналық көмекті көрсету аса маңызды рөл атқарады. Паллиативтік көмек – онкологтардың, фармацевтердің, әлеуметтік сала еңбеккерлерінің, медбикелердің және т.б. тәжірибесіне негізделген кешенді әдістеме. Көмектің бұл түрінің мақсаты – пациенттерге тұрмыстың үйреншікті салтын неғұрлым ұзақ қамтамасыз ету, сөйтіп, өлімді соғұрлым алыстату. Бұл әдістеме пациентке күтім жасауда психологиялық сәттерді айналып өтуге, сондай-ақ олардың туған-туыстарына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», - дейді профессор Хале Чалар. 

Профессор Чакмакчи қатерлі ісікке шалдығу мүмкіндігін әрқашан төмендетуге болатындығы туралы айтты. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылдану және адам папиломы вирсуына (АПВ) қарсы екпе жасау қажет. ДДСҰ деректері бойынша, АПВ-ға және В гепатитіне қарсы жасалатын екпе жыл сайын қатерлі ісікке шалдығудың 1 миллионға жуық мүмкіндігіне тосқауыл қояды екен. Anadolu орталығының мамандары көп жағдайда қатерлі ісікті емдеуге болады деген сенімде, ең бастысы – ауытқуларды дер кезінде анықтап, қажетті терапияны бастау.

0 пікір
Мұрағат