Өзбекстанда Қызыл кітапқа енген жануарларды аулағандарға салынатын айыппұл 10 есе өсті
Өзбекстанда Қызыл кітапқа енген жануарларды аулағандарға салынатын айыппұл 10 есе өсті
5 ай бұрын 477 inform.kz Әлихан Асқар

Өзбекстанда Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктерге залал келтіргендерге салынатын айыппұлдар сомасы өсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Өзбекстанның Министрлер кабинеті «Биологиялық ресурстарды қолдануды реттеу және табиғатты пайдалану саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту тәртібі туралы» қаулысына өзгеріс енгізді.

Тиісінше енді Өзбекстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктерге зиян келтіргендерге салынатын айыппұл мөлшері 5 есе өседі. Мәселен, жойылып бара жатқан өсімдік болса, әр данасы үшін 10 базалық есептік шама (126 571 теңге) көлемінде, ал егер сирек кездесетін түрі болса - 4 базалық есептік шама (50 628 теңге) және азайып бара жатқан флораға 2,5 базалық есептік шама (31 642 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Сондай-ақ жануарларға келтірілген залал үшін қарастырылған айыппұл 10 есе ұлғайтылды. Яғни, енді Өзбекстан азаматы бір қар барысын аулайтын болса, ол 3 000 базалық есептік шама (37 млн 971 мың теңге), ал шетелдік азаматтар мен заңды тұлғалар 400 мың доллар (183 млн 614 мың теңге) төлеуі тиіс.

Құжат 11 желтоқсаннан бастап күшіне енді.

0 пікір
Мұрағат