Өзбекстан БАӘ-нің жасанды жаңбыр жаудыру технологиясын енгізуді көздеп отыр
Өзбекстан БАӘ-нің жасанды жаңбыр жаудыру технологиясын енгізуді көздеп отыр
11 ай бұрын 492 inform.kz Эльмира Оралбаева. Фото: t.me/bakhtiyor_saidov

Өзбекстан БАӘ-нің жасанды жаңбыр жаудыру тәжірибесін енгізуді көздеп отыр. Бұл туралы Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары барысында Өзбекстан делегациясының мүшелері Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның президенті, БАӘ Ұлттық метеорологиялық орталығының бас директоры Абдулла аль-Мандуспен кездесті.

«Біріккен Араб Әмірліктерінде әзірленген озық технологиялар және бұлтты себу сияқты жаңа әдістемелермен таныстым. Енді олардың тәжірибесін Өзбекстанда, әсіресе Арал өңіріне енгізу мәселесі талқыланды», - деп жазды Бахтиёр Саидов.

Сыртқы істер министрі БАӘ климаттың өзгеруі және қоршаған орта министрі Мариам Альмхеиримен де кездесті.

«Біз су тапшылығы, суды тұщыту, биоәртүрлілікті қорғау, орман өсіру салаларындағы күш-жігерімізді біріктіруге, сондай-ақ осы салаларда БАӘ-нің озық тәжірибесін Өзбекстанға енгізуге ерекше назар аудардық», - деді Өзбекстан Сыртқы істер министрі.

Бұлтты себу – жауын-шашын мөлшерін арттыру үшін ауа райын өзгерту тәсілі. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметі бойынша, технология 56 елге құрғақшылық пен экстремалды ауа райына қарсы тұруға көмектеседі.

1990 жылы БАӘ жауын-шашын мөлшерін арттыру үшін зерттеу бағдарламасын бастады. БАӘ-де бұлтты себу өте тиімді жұмыс істейді. Сонымен қатар, ол тұщыландыруға қарағанда шамамен 60% арзан.

 

0 пікір
Мұрағат