|
Оңтүстік Азия елдері шетелден қаржыландырылатын ұйымдарға талапты қатайтып жатыр
|
Оңтүстік Азия елдері шетелден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдарға бақылауды күшейтуде. Үндістан, Непал және Пәкістан үкіметтік емес ұйымдардан шетелдік қаржыландыруға мемлекеттік рұқсат алуды талап етуде, ал Шри-Ланка осыған ұқсас ережелерді әзірлеуде. Бұл жайында islam.kz порталы inVictory ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Үндістанда 2020 жылы бұл бағыттағы заңнама талаптарын қатаңдатқаннан кейін үкіметтік емес ұйымдар шетелдік қаражатты Нью-Делидегі арнайы тағайындалған банк бөлімшесі арқылы ғана ала алады. Сондай-ақ, оларға бұл қаражатты басқа ұйымдарға беруге немесе аударуға тыйым салынады. Соңғы он жылда Үндістанда 16 мыңнан астам ҮЕҰ тіркеуден шығарылып, қызметі тоқтатылды. Непалда шетелден қаржыландырылатын әрбір жоба алдын ала әлеуметтік қамсыздандыру кеңесі мен қаржы министрлігінде мақұлдануы тиіс. Пәкістанда халықаралық ҮЕҰ құрамына барлау қызметтерінің өкілдері кіретін ведомствоаралық комитеттің тексеруінен өтеді. Бұдан басқа, жаңа шетел қаржысын алу немесе жаңа кеңсе ашу үшін биліктің жеке рұқсаты керек. Бұл ретте Біріккен Ұлттар Ұйымы үкіметтік емес ұйымдардың шетелден қаржы алу мүмкіндігі бірлестіктер бостандығының бір бөлігі ретінде халықаралық құқықпен қорғалатынын мәлімдеді. БҰҰ-ның пікірінше, ҮЕҰ-ға қатысты қандай да бір шектеудің нақты негізі және шегі болуы тиіс. ҮЕҰ-длан не үшін қауіптенеді. Көбіне бұл ұйымдар гуманистік мақсатты көздегенімен тыңшылық әрекеттері әшкере болып жатады әрі ақша жылыстатудың бір арнасына айналып кетеді. Бұған қоса, шетелден қаржыландырылатын ҮЕҰ өзге елдің мүддесін көздеп, заңсыз әрекеттерге баруы ықтимал. Дегенмен, азаматтқ ұйымдар адам құқығын қамтамасыз етуде, мәдени байланыстарды жандандыруға, табиғатты қорғауға, медициналық көмек көрсетуге, білім алуға, т.б. ықпал етеді. Халықаралық беделі жоғары Аmnesty құқық қорғау ұйымының дерегінше, күллі әлем бойынша елуге тарта елде ҮЕҰ қызметіне ішінара және толық тыйым салынған.