|
Мұсылман елі шылым шегуге біржола тыйым салады
|
Малдив республикасы 2007 жылдың қаңтар айының 1-нен бастап дүниеге келгендердің барлығына темекі өнімдерін тұтынуға толық тыйым салды. Осылайша аталған арал мемлекет тұтас ұрпақтың жат әдетке үйір болуына жол бермейді. Бұл жайында islam.kz порталы аталған елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесіне жөн сілтеген британдық The Guardian меизімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осынау шағын ел билігі тұтас буын үшін зиянды нәрсеге шектеу қою арқылы мұндай жат әдетке тәуелділіктен толық арылуды, азат болуды мақсат етеді. Биыл ел президенті Мұхаммед Муиз бастама етіп көтерген шара қараша айының 1-нен бастап қолданысқа енеді. Бұл тыйым туристерге де қатысты. Бұдан бөлек, елге темекі өнімдерінің импортына тыйым салынады. Бұған қоса, ересектердің барлық тобына электронды сигаретті пайдалануға да тыйым салынған. Осы орайда Үнді мұхитының экваторлық суында орналасқан Малдив республикасының конституциясы бойынша тек мұсылмандар ғана ел азаматы атана алатынын айта кетпекпіз. ХІІ ғасырға дейін бұл аралда будда сенімі өркен жайған болатын. Алғашқы мұсылмандар 1153 жылы пайда болды.