Мұсылман әлемінде де ажырасу көрсеткіші антирекорд орнатты
Мұсылман әлемінде де ажырасу көрсеткіші антирекорд орнатты
2 жыл бұрын 1051 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Жаһандану процесі ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтардың іргесін шайқап, көп салада түбегейлі трансформацияға түрткі болып жатыр. Замануи өмір сүру салты немесе аспектісі отбасы институтының маңызын жойып келеді. Тіпті, осыдан он жыл бұрынғы бұл тараптағы ұғым-түсінік басқаша болатын. Отбасындағы түрлі материалдық қиындықтар да бұл ұғымға күйрете соққы беруде. Сарапшылар пікірінің дені осындай ой-тұжырымдарға саяды. Бұл жайында islam.kz порталы islam.ru ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бүгінде еңбек миграциясы мен қарқын алған урбанизация мұсылман елдерінде де ажырасу көрсеткішінің өсуіне себеп болып отыр. Нәпақа табу үшін өзге елдерге барып жалданып жұмыс істеу қалыпты құбылысқа айналып келеді. Таяу шығыс аймағы мен Африка құрлығының солтүстігін жайлаған елдердің ажырасу көрсеткіші жарияланды. Таяуда Мысырдың министрлер кабинетінің шешімімен Ақпарат және қолдау орталығы арнайы жүргізген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Мысыр, Кувейт, Иордания, Катар, Біріккен Араб Әмірлігі және Ливан елдердінде ажырасу көрсеткіші ең жоғары елдер ретінде алға шыққан. Кувейтте барлық некелердің 48%-ы ажырасумен аяқталады, Мысырда бұл көрсеткіш – 40%, Иорданияда – 37,2%, Катарда – 37%, Біріккен Араб Әмірліктері мен Ливанда – 34%. Бейрут діни сотының шариғат қазысы, шейх Уәсім Жүіп әл-Фалах кейде күніне ажырасуға қатысты 16 істі қарауға тура келетінін жеткізді. Осылай деген ол бұрын мұндай үрдіспен кездеспегенін алға тартып, соңғы жылдары белең алған осынау келеңсіздіктің негізгі себебіне тоқталды: табыс табу үшін отбасынан жырақтау ажырасуға түрткі болып жатыр. Бұған қоса, COVID-19 пандеиясына байланысты шектеу және оқшаулау шалалары да бұл тенденцияның белең алуына ықпал еткен. Күнкөріс қиындаған. Тіпті, ажырасқандар арасында кемі он жыл немесе 20 жыл бірге бір шаңырақ астында тұрған ерлі-зайыптылар да кездеседі.

0 пікір
Мұрағат