Климаттық дағдарыс: кісі қолынан қаза тапқан эколог белсенділер өлімі артып келеді
Климаттық дағдарыс: кісі қолынан қаза тапқан эколог белсенділер өлімі артып келеді
6 күн бұрын 160 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті. AP Photo, Kirsty Wigglesworth

Өткен жылы (2020 ж.) орман-тоғайды, су және өзге де табиғи ресурстарды ашкөздерден қорғаймын деп кісі қолынан қаза тапқан табиғат жанашырларының өлім-жітімі рекордтық деңгейге жеткен – 227 адам. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Global Witness деп аталатын халықаралық үкіметтік емес құқық қорғау ұйымы келтірген дерекке жөн сілтеген  CNN ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жаһандық жылынуға байланысты климат дағдарысына байланысты әлемнің әр түкпірінде табиғатқа жыртқыштық көзқарасқа тойтарыс берушілердің белсенділігі олардың қастандықпен өлтірілуіне апарып соқтыруда. Орташа есеппен алғанда, қоршаған ортаны қорғаймын деп әр апта сайын төрт эколог белсенді көз жұмған. Экологтердің өлім-жітімі Оңтүстік Америкада көп орын алған. Соның ішінде Колумбияда байырғы тұрғындардың тіршілік етіп отырған ортасын, дәлірегі, жерін, орман-тоғайын, егістік алқабын қорғаймын деп 65 адам кісі қолынан қаза тапқан екен. Ал Мексикадағы қастандықтың үштен бірі осы экологиялық мәселелермен байланысты болып шықты – орман-тоғайды отауға қарсы шыққаны үшін 30 адамды өлтірген. Тропикалық орман-тоғайдың оталуы қарқын алған оңтүстік-шығыс Азия елдерінде де экологтердің өлімі-жітімі көбейіп барады. Мәселен, Филиппинде 29 эколог белсенді табиғатқа орасан зор зиян шектіретін әрекеттерге, соның ішінде, пайдалы қазбаны игеруге, дамба құрылысын салуға, ағаш өндірісін қосуға кедергі келтіргені үшін кісі қолынан өлген. Әлем бойынша барлық табиғат жанашырларына жасалған шабуылдардың 70% -дан астамы орман-тоғайды отауға тосқауыл қоймақ болып, басын қатерге тіккен экологтердің үлесіне келеді екен. Африка құрлығында да табиғат жанашырларына қастандық тиылмай тұр – 2020 жылы 18 адам кісі қолынан қаза тапқан. Алайда, аталмыш құқық қорғау ұйымы бұл мәліметті қолдан төмендетіп көрсетілген деп отыр, шын мәнінде, кісі қоланын қаза тапқан Африкадағы экологтердің қарасы әлдеқайда көп. Мұндай келеңсіздік елімізде де орын алғанын білесіздер: 2019 жылы киіктерді браконеьерлерден қорғаймын деп көз жұмған Қаныш Нұртазиннің басындағы қайғылы жағдайды кезінде бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған еді.

0 пікір
Мұрағат