Жапония гастрабайтерлерге есігін айқара ашатын болды
Жапония гастрабайтерлерге есігін айқара ашатын болды
5 жыл бұрын 4062 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Күншығыс елінің парламенті екінші дүниежүзілік соғыстан кейін  қолданысқа енген ел аумағында шетелдік жұмысшылардың еңбегін пайдалануға қатысты тыйымның күшін жоятын шешім қабылдады. Бұл жайында Japan Times ақпарат көзі хабар таратты. Жапон билігі алдағы бес жыл ішінде шетелдік 340 мыңнан аса жұмысшының еңбегін пайдалануға бел буып отыр. Шетелдік жұмысшылар аталған ел экономикасының 14 саласында пайдаланылады: ауыл шаруашылығы, құрылыс, өздігінен жүріп-тұруы қиын науқастар мен қарттарды бағып-қағу, кеме құрастыру, т.б. Аталмыш ел билігінің мұндай қадамға баруына соңғы бірнеше жыл қатарынан халықтың қартаю процесі итермелеген. Науқастар мен қарттарды күтіп-бағатын адамдарға деген зәрулік бар. Десе де осы уақытқа дейін туристер мен іскерлік сапармен келгендерден өзгелерге есігін аша бермейтін арал мемлекет шетелдік еңбек мигранттарына мынадай шарттар қойып отыр: жапон тілін міндетті түрде білу, отбасын өзімен бірге ертпеу. Жеңілдігі: визаны бес жылға бір-ақ береді. Ал білікті мамандар үшін аталған шарттар мен талаптар жұмсартылған: мерзімсіз виза аштырып беріп қоймай, отбасын елге әкелуге рұқсат етеді. Туу көрсеткіші төмендеген елдегі қарттар саны рекордтық деңгейге жеткен: 65 жастан асқандар қарасы ел тұрғындарының 28 пайызын құрап отыр. Ал туу көрсеткіші бір әйелге шаққанда 1,4 баладан аспайды. Бала тууға қабілетті әйелдердің жан басына шаққанда олардың бала туу әлеуеті 2,1-ге дейін жетеді. Жыл сайын күншығыс елінің тұрғындары шамамен 500 мың адамға кеміп отыр. 

0 пікір
Мұрағат