Жаһан: Улы балдырдан ушыққан жағдай Чилиді экологиялық апатқа ұрындырды (видео)
Жаһан: Улы балдырдан ушыққан жағдай Чилиді экологиялық апатқа ұрындырды (видео)
8 жыл бұрын 2522 24.kz fishretail.ru Е.Қашқынов, Г.Айсақова

Чили президенті Мишель Бачелет елдің оңтүстігіндегі Лос-Лагос өлкесін «апатты аймақ» деп жариялады. Төтенше жағдайға теңізде ұсақ балдырлардың тым көбейіп кетуі себеп болған. Бұл өсімдік су жануарлары мен жан баласын жаппай улап, қырғынға ұшыратуда. Чилоэ аралының жағалауын Карения Бревис деп аталатын улы балдырлар басып қалды. Жағаны ұстатар жайсыз көріністі көрген жергілікті тұрғындар қатты ашынған. Себебі олар бұл апатты жоюда үкімет қауқарсыздық танытып отыр деп санайды. Наразылық білдірген шерушілер аралға баратын барлық жолдарды жауып тастаған. Шамданған шаруалар билік теңіздегі жаппай улану жағдайын оңалта алмай отыр деп айыптайды. Соның кесірінен албырт балығын өндіретін қожалықтар қыруар шығынға батуда. Олар қазірдің өзінде 60 млн доллардан астам кірісінен айырылған. Биологтар бұл апатқа судың қалыпты температурасын шамадан тыс асырып жіберген «Эл-Ниньо» атты табиғи құбылыстың түрткі болғанын айтады. Леонардо де ла Прада Санхуэза, Чилоэ мэрі: - Біздің бетпе-бет душар болып отырғанымыз – айтып келмейтін апат. Қазір осы үлкен аумақтағы көптеген адамдар мұның ауыр зардабын тартуда. Халық аралға аяқ басатын өткелде орталық биліктің өкілдерін күтіп тұр. Олар экологиялық дағдарысқа қарсы күрестің тиімді тәсілдерін анықтау үшін кездеспек. Осы мақсатқа орай бюджеттен 2 млн доллар бөлінгелі жатыр. Бірақ шығынға батпандап батқан балықшылар мен кәсіпкерлерге өтемақы төлеу әлі күнге дейін қаралмаған. Арал тұрғындарының негізгі кәсібі – албырт балығын аулап, сату. Бірақ экологиялық апатқа байланысты 7 мыңнан астам отбасы күнкөріс көзінен айырылды. Ал денсаулық сақтау министрлігі апат аймағынан ауланған теңіз өнімдерін тұтыну адам өміріне қауіп төндіреді деп ескерткен. Ресми мәліметке сәйкес, теңіз жануарларының етіндегі улы заттардың мөлшері қалыпты деңгейден 30 есе артып кеткен. Аймақта қазірге дейін оннан астам улану дерегі тіркелді.

 

0 пікір
Мұрағат