Жаһан: Әлемнің бір елін соңғы жүз жылда болмаған алапат қуаңшылық жайлады (видео)
Жаһан: Әлемнің бір елін соңғы жүз жылда болмаған алапат қуаңшылық жайлады (видео)
8 жыл бұрын 2631 24.kz rusrep.ru Ж.Атагельдиева, Ә.Толыбаев

Жергілікті билік бұл құбылысты климаттың өзгергенінен көріп отыр. Алайда, халықтың оған сенгісі жоқ. Мысырдың солтүстігіндегі Дакахлия провинциясында орналасқан әл-Араб Магуб ауылы. Жергілікті халық суға зәру. Тұрғындар тіршілік нәрін өздері қазған құдықтан алады. Алайда, олар суды жуынуға болмаса, ішуге, ас әзірлеуге жарамсыз екенін айтып отыр. Ваги Мұхаммед, жергілікті тұрғын: - Біз биліктің қолынан келмейтін затты сұрап отырған жоқпыз ғой. Біз ауыз суға зәруміз. Бұған дейін талай мәрте жергілікті билікке талаптарымызды айтқан болатынбыз. Олар жуық арада бұл мәселені шешіп береміз деп уәде еткенімен, еш нәтиже жоқ. Бүгінде су тапшылығынан Дакахлия провинциясындағы тағы бір елді мекен жапа шегіп отыр. Әл-Хафер Шебаб ауылындағы фермерлер қуаңшылық кесірінен тауып жүрген нәпақасынан айрылып отырғандарын айтып қынжылуда. Мұхаммед Хасан, фермер: - Біз қазір егіс алқаптарын суара алмай отырмыз. Мұнда тұрып жатқаныма 40 жылдың жүзі болды. Алайда, мынадай алапат құрғақшылықты алғаш көруім. Қазір аймақтың ауыл шаруашылығы қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. Мұхаммед Шабан, фермер: - Мен егіс алқаптарын суаратын машинада жұмыс істеймін деп қолымнан айырылдым. Соншама азапты көріп қиналғандағы күніміз мынау. Жеріміздің көп бөлігі қурап қалған. Бүгінде не қолым да жоқ, не егісті алқабымыз да жоқ. Енді болашағымыз не болмақ?! Суға зәру болған жергілікті халық бұл жағдайды «Эфиопияның қайта өркендеуінің Ұлы дамбасы» жобасымен байланыстып отыр. Суданмен арадағы шекараға жақын орналасқан нысанның құрылысы 2011 жылы басталған болатын. Мысырлықтар «Ніл өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне соның кесірі тиді» деп отыр. Хани Дабис, Су ресурстары министрлігінің өкілі: - Бұл жағдайға Эфиопнияның қайта өркендеуінің Ұлы дамбасының қатысы жоқ. Ол климаттың өзгеруі кесірінен туындаған мәселе. Бұл соңғы 103 жыл ішіндегі ең алапат құрғақшылық. Ол аздай, шаруа қожалары суды көп талап ететін күріш секілді дақылдарды өсіреді. Бұл да жағдайды өршітіп отырғаны сөзсіз. Жалпы халық санының өсуіне байланысты 2025 жылға дейін мысырлықтар арасында суды тұтыну мөлшері екі есеге артуы мүмкін. Сарапшылар осылай деп топшылап отыр. Сондықтан 9 жылдан кейін елдегі егіс алқаптарының 60%-ы күйіп кетуі ғажап емес

50 мыңдай бала аштан қырылуы мүмкін (видео)

Нигерияның солтүстік-шығысында 50 мыңдай бала аштан қырылуы мүмкін. Тағы 244 мың жеткіншек тойып тамақ ішуге зар. ЮНИСЕФ-тің Батыс және Орталық Африкадағы директоры Мануэль Фонтен осылай дабыл қақты. Оның айтуынша, Борно штатындағы көптеген тұрғындар лаңкестер қиратқан қалаларда адам төзгісіз жағдайда өмір сүруде. Тамақ түгілі халық бір жұтым таза суға зар болып отыр. Аймақтағы ЮНИСЕФ басшысы ауыр жағдайды түзеу үшін әлемдегі донор елдерден қаржылай көмек сұрады. Бұған дейін де Біріккен Ұлттар Ұйымы Нигерияда 2 жарым миллион тұрғын аш-жалаңаш ғұмыр кешуде деп мәлімдеген еді. Сондай-ақ, «Шекарасыз дәрігерлер» халықаралық ұйымы Бама қаласында бір айдың ішінде 200-ден астам тұрғын аштан бұратылып ажал құшты деп суыт хабар таратқан болатын. Сарапшылардың айтуынша, «Боко харам» лаңкестік тобы аймаққа үлкен қауіп төндіріп отыр. Олар өңірге гуманитарлық көмек жеткізуге кедергі жасауда.

 

0 пікір
Мұрағат