Иран санкцияға қарамастан 7 ай ішінде мұнайдан 34 млрд доллар табыс тапты
Иран санкцияға қарамастан 7 ай ішінде мұнайдан 34 млрд доллар табыс тапты
1 жыл бұрын 1156 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

АҚШ-тың энергетикалық ақпарат басқармасы (EIA) соңғы есебінде Иранның 2022 жылдың алғашқы жеті айында өндірген мұнай табысын 34 миллиард долларға бағалады, бұл көрсеткіш Парсы елінің 2021 жылғы мұнайдан түскен жалпы кірісінен небәрі бес миллиардқа ғана аз. Бұл жайында islam.kz порталы irna.ir ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. EIA есебіне сәйкес Шиғалар елінің қаңтар-шілде айларындағы орташа айлық мұнай табысы 4 миллиард 850 миллион долларды құрап, өткен жылғы 3 миллиард 250 миллион долларды құраған орташа айлық кірістен 49 пайызға артқан. Яғни, жеті айдағы Иранның мұнай табысы 2020 жылғы бүкіл табысынан екі есеге артқан. Иран 2020 жылы мұнайдан 17 миллиард доллар, 2021 жылы 39 миллиард доллар табыс тапты, ал EIA мәліметі бойынша Ислам Республикасының мұнай табысы 2022 жылы 58 миллиард долларға жетпек. EIA аталған мерзімдегі ОПЕК-ке мүше 13 елдің мұнайдан түсетін жиынтық кірісін 500 миллиард долларға бағалап отыр. ОПЕК-тің осы жылдың алғашқы жеті айындағы кірісі ұйым үшін өткен жылы тіркелген 570 миллиард доллардан небәрі 70 миллиард долларға аз. 2022 жылдың қаңтар-шілде айларында ұйым мүшелері мұнайды 500 миллиард долларға сатқан. Иран билігі АҚШ-тың экономикалық шектеуін еңсеру үшін жаңа стратегияларды жүзеге асырып жатқандықтан өткен жылы мұнай өндіру мен экспортын арттыра алған. Ресми статистикаға сәйкес Иранның осы күнтізбелік жылының алғашқы бес айында (наурыз айының 21-нен тамыздың 22-не дейін) Ислам Республикасының мұнай кірісі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8 есе өскен.

0 пікір
Мұрағат