Елді цифрландыруға ден қойған араб елі амбициялық бағдарламасын жария етті
Елді цифрландыруға ден қойған араб елі амбициялық бағдарламасын жария етті
1 ай бұрын 453 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Араб елі 36 мың программашыны сырттан тартпақшы 

Біріккен Араб Әмірлігі күніне 100 программашаны тартуға қатысты жоспарын жария етті. Осылайша аталған араб елі жыл бойы кодтаушы 36 мың маманды елге тартуды көздеп отыр. Бұл жайында islam.kz порталы Khaleej Times ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. БАӘ-нің жасанды зерде, цифрлы экономика және қашықтан жұмыс істеуге арналған қосымшалар жөніндегі мемлекеттік министрі Омар бен Сұлтан әл Оламаның келтірген дерегіне қарағанда, елдегі 64 мың кодтаушының қарасы 12 ай ішінде 100 мыңға дейін артпақ. Бұл салада жұмыс істейтін салалық компаниялар мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие болады. Жекелеген программалар дарынды әйелдерге арналады – таяудағы бес жылда  жан басына шаққанда программашы әйелдер қарасы бойынша әлемде көш бастауды алдына мақсат етіп қойды. Аталған араб елі тек бұл шарамен шектеліп қалмай, 2022 жылдың екінші жартысында программалау бойынша PyCon Summit саммитін өткізбек. Бұл шараға программалау саласындағы және цифрлы экономиканың дамуындағы соңғы үрдістер талқылайтын салалық сарапшылар мен аталмыш индустрияның маңдайалды майталмандары қатысады. Араб елі осылайша ғаламдық өзгерістердің бел ортасынан көрініп қоймай, көш басына шығуға талпыныс жасап, өркениет игіліктерін мейлінше пайдаланудың барлық тетігін қарастыру арқылы дамудың даңғылына түсуді алдына мақсат етіп отыр. Осы орайда шілде айында БАӘ билігінің ақпараттық және коммуникациялық сала бойынша әлемдік брендке айналған Google және Amazon алдыңғы қатарлы технологиялық компаниялармен келісім-шартқа отырды – 100 мың программашыны дайындауға қатысты. Google, Microsoft, Amazon, Cisco, IBM, LinkedIn, Nvidia және Facebook секілді алыптармен ортақ келісімді ұлы мәртебелі шейх, БАӘ вице-президенті, премьер-министрі әне Дубай әміршісі Мұхаммед бен Рашид әл Мақтұмның өзі жария етті. Оның мәлімдеуінше, таяудағы бес жыл ішінде 100 мың программашы әзірленіп, мыңдаған цифрлы компания құрылмақ. Бұдан бөлек, БАӘ билігі стартаптарға көрсетілетін қаржылай қолдауда арттырмақ – 1,5 млрд дирхамнен 4 млрд долларға дейін (шамамен 0,41 – 1 млрд доллар). Сондай-ақ, әлемнің ең үздік 100 мың прогаммашасына алтын виза ашып беруді көздеп отыр.

0 пікір
Мұрағат