Денсаулық: Жыл сайын 66 мың адам құтырудан көз жұмады
Денсаулық: Жыл сайын 66 мың адам құтырудан көз жұмады
9 жыл бұрын 4697

Baq.kz ақпарат көзінің Құтыруды бақылаудың жаһандық альянсы зерттеушілерінің мәліметіне сілтеме жасап, хабарлауынша, жыл сайын жер бетінде 66 мыңға жуық адам құтырудан қайтыс болады екен. Олардың дені ит қапқаннан кейін құтыру дертін жұқтырып, қаза тапқан. Сарапшылардың айтуынша, әлем елдері үй жануарларын, әсіресе, иттерге дәрі егуді шұғыл қолға алуы керек. Бұл, әсіресе, өмір сүру деңгейі төмен мемлекеттерге қатысты. Құтыру вирусы адамға ауруға шалдыққан мақұлықтың сілекейі арқылы жұғатыны белгілі. Аталған індеттен көз жұматындар санын азайту мақсатында аталмыш альянс өкілдері құтыруға қарсы вакцинаны барынша қолжетімді ету керек деп ұсыныс айтып отыр. Әсіресе, Үндістан билігі жағдайды дереу қолға алу керек дейді олар. Өйткені, бұл елде жыл сайын 20 мың адам дәл осы аурудың құрбаны болады.

 

Диабеті бар адамдарға арналған ораза кітабы шықты

Малайзия Денсаулық сақтау министрлігі мен Эндокринология мен мтеаболизм қоғамдастығы (MEMS) Рамазан уақытында диабеті бар адамдарға арналған ораза кітабын шығарды. Бұл жайында ummet.kz ақпарат көзі хабар таратты. MEMS президенті Нор Азми қасиетті ораза айында диабет дерті бар адамдар ауруханаға көптеп түсетінін мәлімдеді. Ал аталмыш оқулық ең алдымен осы дертпен ауыратын адамды емдеуші дәрігерлерге арналған. Осы еңбек арқылы дәрігер емделушіге Рамазан айының оразасын ауру адам қалай ұстауына болатындығы туралы дұрыс ақыл-кеңес бере алады.

 

Дәрігерлер тар шалбардың зиян екенін айтып отыр

Бүгінде америкалық брендке айналған джинсы шалбарларын кимейтін адам әлемде кемде-кем. Ұл мен қыз, кәрі мен жас, бай мен кедейдің де гардеробынан кемі бір джинсыдың табылатыны анық. Өйткені, аталған киім түрі жүріп-тұруға өте қолайлы. Оның үстіне бағасы да әркімнің қалауынша. Ал, қыздар арасында сәнге айналған тар джинсы шалбарлардың зиян екенін дәрігерлер бүгінде дабыл қаға айтып отыр.
Жүргізілген зерттеудің нәтижелері көрсеткендей, үнемі тар шалбар киіп жүретін адамдардың денсаулықтарында аурудың бірнеше түрі кездеседі екен. Олардың басы жиі айналып, несеп жолдары ауруларына шалдығады. Вашингтондық дәрігер Карен Бойлдың айтуынша, тар шалбарлар неврит ауруына, жүйкенің қабынуы мен жамбас тамырларының қысылуына әкеліп соғады.
Невритке шалдыққан адамның жамбасында шаншу пайда болып, аяғы жиі ұйып қала беретін болады. Дәрігерлер сондықтан жас қыздардың тар джинсыдан көрі жұмсақ матадан тігілген шалбарларды кигені абзал деп кеңес беріп отыр.
Сондай-ақ, ер кісілерге де джинсыдың тигізетін айтарлықтай зияны бар. Егер тар джинсы шалбар кисе, онда белден төмен орналасқан тамырлар қысылып, қалыпты жұмыс істеуін тоқтауы мүмкін. Бұл өз кезегінде жыныс мүшесінің түрлі ауруларына әкеліп соғады. Сондықтан ер азаматтарға да тар емес, еркін тұратын шалбар кию керек. Джинсыдың ерлерге арналған кең тігілген түрлері бар, ал, әйелдерде мұндай таңдау жоқтың қасы.
Демек, «киімнің сұлуынан жылуы жақсы» деген сөзді еске ала отырып, денсаулыққа көңіл бөлгеніміз абзал.

0 пікір
Мұрағат