Бала көтертпейтін дәрілер мен құралдарға шектеу қоятын болды
Бала көтертпейтін дәрілер мен құралдарға шектеу қоятын болды
3 жыл бұрын 1854 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Иранның жоғары көсемі аятолла Әлі Хаманей соңғы жылдары туу көрсеткішін шектейтін қандай да бір шараларға қарсы екенін білдірумен келеді. Бұл жайында islam.kz порталы golosislama.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ол мемлекеттік медициналық мекемелерде және білім беру орталықтарында ұрпақ өрбітуге кедергі келтіретін кез келген дәрі-дәрмекті таратпау жөнінде пәрмен берді. Әсіресе, кедей аудандарда. Аятолла Иран халқының санын 150 млн адамға дейін көбейтуді мақсат ету керектігін мәлімдеумен келеді. Бүгінде Иран халқының саны шамамен 85 млн адамды құрап отыр. Шиғалар елінің статистикалық орталығы келтірген дерекке қарағанда, Ирандағы туу деңгейі соңғы жылдары күрт құлдырап кеткен, дәлірегі, 2017-2020 жылдар аралығында 25 пайызға кеміген. Бұған қоса, елдегі демографиялық ахуалды жақсартуға бағытталған ел президенті Ыбрайым Райыстың ықпалымен «Жас тұрғындар және отбасын қорғау» деп аталатын жаңа заң қабылданды. Аталмыш заңда қарастырылған талаптарға сәйкес мақұлданған жоспар бойынша бауырында баласы бар тұрғындарға жұмыспен қамту жәрдемақысы мен қаржылық жеңілдіктер қарастырылып отыр. Бұдан бөлек, түсік жасату мен контрацепцияға қатысты қатаң шектеулер енгізілмек. Соның ішінде заң жүзінде дәріханаларды гормоналды контрацептивтермен жабдықтауға тосқауыл қойылады әрі презеравтивті қолдануға тыйым салынуы мүмкін. Парсы елінің денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлерге пациентпен сөйлескенде «қатері жоғары жүктілік» тәрізді сөз тіркестерін қолдануға тыйым салды. Дегенмен Иран билігінің бұл ережесі ел арасында қатаң сынға  ұшырауда, соның ішінде құқық қорғаушылар мен дәрігерлер тарапынан. Ал қарапайым тұрғындар билікті туу көрсеткішін жақсарту үшін мұндай ақылға сыймайтын немесе көңілге қонбайтын шектеулермен, тыйымдармен бастамай, ел экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға шақырып отыр.

0 пікір
Мұрағат