Бахрейн королі 450-ден астам тұтқынға рақымшылық жасады
Бахрейн королі 450-ден астам тұтқынға рақымшылық жасады
1 ай бұрын 1040 inform.kz Эльмира Оралбаева. Фото: Bahrain News Agency

KAZINFORM – Бахрейн королі Хамад бин Иса аль-Халифа ел билеушісі болғанына 25 жыл толуына орай сәрсенбі күні 457 тұтқынға рақымшылық жасады.

«Корольдік кешірім Мәртебелі Корольдің әлеуметтік келісімді нығайтуға және әділдік пен заң үстемдігі қағидаттарын қолдауға деген ұмтылысын көрсетеді», - деп хабарлайды Бахрейн ақпарат агенттігі.

Ел билігінің хабарлауынша, бұл шешім сотталғандардың гуманитарлық және әлеуметтік жағдайымен заңды жауапкершілікті теңестіруге, олардың қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік беруге бағытталған.

«Бұл тәсіл Бахрейннің адам құқықтарын сақтау жөніндегі міндеттемесіне және оның аймақтағы көрнекті ұстанымына сәйкес келеді», - делінген мәлімдемеде.

Бахрейн Өкілдер кеңесі (парламент) спикерінің айтуынша, кешірім жасау қоғамды біріктіруге ықпал етеді.

«Кешірім Мәртебелі мырзаның жанашырлығы мен барлық азаматтың әл-ауқатына деген адалдығын көрсетеді. Бұл қадам отбасылық байланыстарды нығайтады және кешірімге ұшырағандарды қоғамға қайта қосуға көмектеседі, әлеуметтік бірлікке ықпал етеді», - деді Бахрейн Өкілдер кеңесінің (парламент) спикері Ахмед бин Салман аль-Мусаллам.

Осы жылдың сәуір айында Хамад патша билікке келгендегі күміс мерейтойына орай 1584 тұтқынға, оның ішінде жаппай тәртіпсіздік пен қылмыстық істер бойынша сотталғандарға рақымшылық жасады.

0 пікір
Мұрағат