Ауған кілемінің 90%-дайы экспортталады
Ауған кілемінің 90%-дайы экспортталады
1 ай бұрын 1211 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Ауғанстан  аумағында өндірілген кілемдердің шамамен 90%-ы халықаралық нарықта сатылады. Бұл жайында islam.kz порталы BigPicture ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жалпы қолдан тоқылған кілемнің нарқы нарықта жоғары. Қолөнердің бұл түрі Орта Азия мен Таяу Шығыста өркендеген. Тарихы тереңде - сонау Жібек жолы дәуірімен байланысты. Ауған кілемі атадан балаға мирас болып қалған ежелгі кәсіп түрі. Ауғандардың көбісі машақаты көп осынау кәсіппен жан бағып, күнкөріп отыр. Осыны ескерген билік бұл салаға мемлекеттік қолдау көрсетіп келеді. Соның ішінде кеден салығы төмендетілген. Ауғанстанда жыл сайын бір миллионға тарта кілем тоқылады. Ауған кілеміне сұраныс жоғары. Көбіне тұтынушылар оны үй бұйымы немесе жиһазы ретінде емес, өнер туындысы ретінде сатып алады. Әсіресе, коллекционерлер. Соның ішінде «Парсы Бақар» деген атпен танымал кілемді іздейтіндер қарасы көп. Бұл кілем күрделі өрнегімен, табиғатта сирек кездесетін табиғи бояуымен танымал. Ауған кілемінің ең басты ерекшелігі – сапасында: ұзақ уақыт тозбайды. Бояуының түсі оңбайды. Өйткені, биік тауда жайылған қойдың жылы, жұмсақ, биязы жүнінен тоқылады. Кілемдердің түсі табиғи бояудан қанық болып шығады әрі ұзақ уақытқа өңін бермейді. Бір кілемді шебер бірнеше аптадан алты айға дейін тоқуы мүмкін. Көлемі мен дизайнына байланысты. Ауған кілемдерін негізінен Еуропа елдері, Таяу Шығыс аймағы, Америка құрама штаттары, Канада сатып алады.

0 пікір
Мұрағат