Әлем бойынша босқындар мен қоныс аударғандар қарасы 120 млн. адамнан асқан
Әлем бойынша босқындар мен қоныс аударғандар қарасы 120 млн. адамнан асқан
1 ай бұрын 397 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Дүниежүзі боййынша адам құқықтарының жиі әрі өрескел бұзылуынан, қарулы қақтығыс және зорлық-зомбылық салдарынан үй-жайын тастап кеткен босқындар мен қоныс аударушылардың саны 2023 жылдың соңында 117,3 миллионға жетсе, бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәуір айының соңына қарай 120 миллионнан асқан. Женевада жарияланған Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының (БҰҰ БЖКБ) жылдық есебіне сәйкес айналдырған бір жыл ішінде босқындар мен қоныс аударушылар қарасы 8,8 миллион адамға артқан. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде ТАСС ақпарат агенттігіне жөн сілтеген Islam-Today сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Баяндама авторлары 117,3 миллион адамның 43,4 миллионы өз елдерінің аумағын тастап кеткен босқындарға жатқызып, 68,3 миллионы ішкі босқындар, қалғандары басқа санаттарға жататынын атап көрсетеді. 2023 жылы кем дегенде 27,2 миллион адам үй-жайын тастап кеткен, олардың әрбір төрттен бірі өз елінен тыс жерлерге қоныс аударған. Соңғы ширек ғасырда жыл сайын орта есеппен 14,3 миллион адам босқындар мен қоныс аударушыларға айналса, 2021-2023 жылдары бұл көрсеткіш 27,8 миллионға дейін өскен. Сарапшылардың пікірінше, әлемдегі қақтығыс қарқындылығының артуына байланысты осындай кері тенденция қалыптасқан. 2023 жылғы ең көп қоныс аудау фактілері Судандағы қақтығыстарға байланысты орын алған, онда 6 миллионнан астам адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болды, Конго Демократиялық Республикасында – 3,8 миллионнан астам, Газа секторында (Палестина мемлекеті) 2023 жылдың қазан-желтоқсан айларында қоныс аударғандардың саны 1,7 миллионға жеткен. Мианмада (Бирмада) бұл сан 12 айда 1,3 миллионға, Ауғанстанда – 740 мыңға, Сирияда – 174 мыңға жеткен. 140 мыңнан аса босқын Арменияға 2023 жылы келген. Жалпы, әлемдегі босқындардың төрттен үш бөлігі бес елде: Ауғанстан, Сирия, Венесуэла, Украина және Судан. 2023 жылдың соңында украиналық босқындар саны 6 миллион адамды құрады, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға көп. Бұл елден шыққан 2,6 миллионға жуық босқын немесе 44 пайызы көршілес елдерден баспана тапты. Өткен жылы әлем бойынша барлығы 6,1 миллионға жуық адам бұрынғы тұрғылықты жерлеріне оралған екен.

0 пікір
Мұрағат