Әлем бойынша 43 млн медицина қызметкері жетіспейді
Әлем бойынша 43 млн медицина қызметкері жетіспейді
2 жыл бұрын 1179 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Денсаулық сақтау саласындағы бақылау нәтижесі 1990 жылдан 2019 жылға дейін бүкіл әлем бойынша дәрігерлер санының тұрақты өскенін көрсетті. Алайда, дәрігерлер әлі де жеткіліксіз. Бұл жайында islam.kz порталы sciencedirect.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Таяуда бұл бағытта Денсаулықты бағалау және денсаулық көрсеткіші институтының (Institute for Health Metrics and Evaluation, IHME) рецензияланған зерттеу нәтижесі күллі әлемде бүгінгі таңда медициналық қызметке мұқтаждардың қажеттілігін қанағаттандыру үшін 43 млн медицина қызметкері жетіспейтінін көрсетіп берді. Ғалымдардың келтірген статистикалық мәліметі бойынша 2019 жылы әлемде 104 миллион дәрігер болған (дәлдік – 95%, 83,5-тен 128 миллионға дейін). Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдері, Оңтүстік Азия, Солтүстік Африка және Таяу Шығыс аймағы дәрігерлердің жетіспеушілігінен әлі күнге зардап шегіп келеді. Ғалымдар бұл тарапта дәрігерлер, медбикелер мен акушерлер, стоматологтар, фармацевттер сияқты негізгі төрт саладағы кадр тапшылығын зерттеген болатын. Соңына мынадай қорытындыға келген: 2019 жылы 130 елде дәрігерлер, ал 150-ден астам елде мейірбикелер мен акушерлер тапшылығы байқалған. Нақтырақ әрі тарқатып айтсақ, жалпы 43 млн-нан аса медицина қызметкері тапшы, соның ішінде 30,6 млн медбике мен акушер және 6,4 млн дәрігер жетіспейді. Аталмыш зерттеуге жетекшлік еткендердің бірі – IHME медициналық көрсеткіштер кафедрасының доценті Енни Хаакенстадтың айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлер тығыздығы сол елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен байланысты болып шыққан. Әсіресе, қарулы қақтығыстар жүріп жатқан, саяси тұрақсыздық орын алған аймақтарда медицина қызметкерлері өте аз.

(ықшамдалып алынды – ред.)

0 пікір
Мұрағат