|
2,4 млн босқынды қоныстандырудың амалы қалмай барады
|
Біріккен Ұлттар Ұйымы келесі жылы 2,4 млн-ға тарта босқынды қоныстандыру қажеттілігі туындап отырғанын мәлімдеді. Өйткені, әлемнің кей елдері босқындарды қабылдауға шектеу қойып жатыр. Бұл жайында islam.kz порталы Africanews ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары өз еліне оралуға қорқатын, дәлірегі, қауіп-қатері жоғары отанында аман қалуы екіталай босқындар қарасының көбейгенін жеткізді. Босқындарды қабылдайтын елдер санын арттыру, босқындарға қабылдауға арналоған квота санын көбейту қажеттілігі өзекті мәселеге айналған. Нақты дерек бойынша әлемнің 43 елінен 2,37 млн адам бүгінгі таңда 76 мемлекетте өмір сүріп жатыр. Келесі жылы олардың біраз бөлігін өзге елдерге қоныстандыру қажеттілігі артқан. Отанында қандай тағдыр күтіп тұрғаны беймәлім босқындар арасында ауған босқындарының қарасы көп. Одан кейінгі орында Оңтүстік Судан, Судан, Сирия, Мьянма босқындары тұр. Мьянмалық босқындар саны Бангладлеште шектен тыс көбейіп кеткен. Десе де 2,4 млн босқын өткен жылғы қоныстандыру қажеттілігі бар босқындар санымен салыстырғанда 6%-ға аз. 2025 жылы 37 мыңға жуық босқын БҰҰ-ның қолдауымен өзге елдерге қоныстандырылған. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 116 мың босқынды құраған болатын. Босқындар арасында қарулы қақтығыс пен аштық қатерінен, соның ішінде климат дағдарысына байланысты елінен безгендер қарасы көбейіп кеткен.